Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында Жастар ұйымдары комитетінің Құқықтық тәртіп сақтау жасағының ұйымдастыруымен «ҚазҰУ тарланы» атты дәстүрлі байқау өтті. Аталған шара студент жастардың жан-жақты дамуын қолдауға, олардың шығармашылық қабілеттерін, көшбасшылық қасиеттерін және сахналық мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды мәдени-танымдық іс-шаралардың бірі.
Байқаудың басты мақсаты – студенттердің бойындағы дарын мен қабілетті ашу, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасау. Осындай бастамалар арқылы университет жастарының интеллектуалдық әрі мәдени дамуына жағдай жасалып, олардың болашақта жауапты әрі белсенді азамат болып қалыптасуына жол ашылады. Бұл өз кезегінде Тұрақты даму мақсаттарының сапалы білім беру мен жастардың әлеуетін дамытуға бағытталған бастамаларымен үйлеседі.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар бейнетаныстыру арқылы өздерін таныстырып, өмірлік ұстанымдары мен қызығушылықтары жайлы айтып өтті. Бұл кезеңде студенттердің жеке тұлғалық ерекшеліктері мен креативті ойлау қабілеті айқын көрінді. Келесі кезеңде қатысушылар автомат шашу бойынша шеберліктерін көрсетіп, әскери дайындыққа деген жауапкершілігін танытты. Мұндай кезеңдер жастарды тәртіпке, батылдыққа және жауапкершілікке тәрбиелеуге бағытталған.
Сонымен қатар байқаудың өнер көрсету кезеңінде қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін паш етіп, ән айту, би билеу, сахналық қойылымдар арқылы көрерменнің ықыласына бөленді. Дефиле кезеңінде әр қатысушы өзіндік сахналық стилін көрсетіп, көрерменге ерекше әсер қалдырды. Бағдарламада лайктайм кезеңі де қарастырылған болатын, алайда техникалық себептерге байланысты бұл кезеңнің нәтижелері жалпы есепке алынбай қалды.
Байқаудың тағы бір ерекшелігі – әр қатысушыға арнайы тақырыптық образдың берілуі. Қатысушылар теңізші, десантшы және басқа да әскери бағыттағы бейнелерді сахнада шебер сомдап, көрерменге ерекше әсер қалдырды. Бұл кезең олардың актерлік шеберлігін, сахналық мәдениетін және образға ену қабілетін айқындай түсті.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей болды:
– Гран-при – Тоқтасын Еркебұлан (Журналистика факультеті, «Жастар рухы» ұйымы);
– I орын – Үсен Айбынбек («Сұңқар» ұйымы);
– II орын – Кемелбек Бауыржан («Студенттік кеңес» ұйымы);
– III орын – Асилов Нұрболат («Көмек» ұйымы).
«ҚазҰУ тарланы» байқауы университет жастарының шығармашылық және тұлғалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды. Мұндай іс-шаралар студенттердің белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік, ұйымшылдық және көшбасшылық қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен қатар жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту арқылы қоғамның тұрақты дамуына үлес қосатын жаңа буын өкілдерін тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Осылайша, университет қабырғасында ұйымдастырылатын мұндай мәдени-танымдық шаралар білім беру кеңістігін ғана емес, сонымен қатар жастардың шығармашылық, мәдени және азаматтық дамуын қолдай отырып, қоғамның тұрақты дамуына бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.




