ҚазҰУ-да Қытай – Орталық Азия баспа орталығы ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытай – Орталық Азия баспа орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Тұсаукесер «Ұлы Жібек жолының кітап мәдениеті: өркениеттер диалогы – Қытай–Орталық Азия баспа орталығын іске қосу» атты ауқымды шара аясында ұйымдастырылды. Жаңа орталық кітап шығару, аударма жұмыстарын дамыту, халықаралық ғылыми ресурстармен алмасу және «мемлекет – университет – бизнес – индустрия – медиа» форматындағы стратегиялық серіктестікті нығайту үшін бірегей платформа ретінде қызмет етеді.

Алқалы жиынға ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласындағы ҚХР бас консулы Су Фанцю, Сиань Цзяотун университетінің вице-президенті Цай Вэй, аталған университет баспасының директоры Ли Чжун, Орталық мемлекеттік архивтің директоры Сәбит Шілдебай қатысты. Сондай-ақ шараға Сиань Цзяотун университетінің жетекші профессорлары, халықаралық бөлім мамандары мен баспа ісінің білікті сарапшылары, дипломатиялық корпус өкілдері мен белгілі ғалымдар жиналды.

Салтанатты рәсімде сөз алған ректор Жансейіт Түймебаев бұл орталықтың заманауи ғылым мен білім саласындағы «алтын діңгекке» айналатынын атап өтті. «Бұл бастама мемлекеттеріміз арасындағы достық пен ынтымақтастықтың өрісін бұрынғыдан да кеңейте түспек. Орталықтың қызметі бірнеше стратегиялық бағытты қамтиды. Біріншіден, Қытай мен Орталық Азия елдерінің ғылыми және әдеби туындыларын өзара аударып, жариялауға мүмкіндік туады. Екіншіден, бірлескен академиялық зерттеулерді жандандырып, ғылыми басылымдарды дамыту көзделген. Үшіншіден, жас ғалымдар, аудармашылар мен баспа мамандары үшін жаңа кәсіби мүмкіндіктерге жол ашылады», – деді ректор.

Өз кезегінде ҚХР бас консулы Су Фанцю орталықтың гуманитарлық алмасуды тереңдетудегі рөлін жоғары бағалады. «Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынас күн санап дамып келеді. Қос мемлекет ғылым, экономика, білім және өзге де бағытта әріптестік орнатып, ортақ жобаларды іске асыруда. Соның ішінде мәдениет пен білім саласы ерекше рөл атқарады. Бүгінгі ҚазҰУ базасында іске қосылып жатқан баспа орталығы екі мемлекеттің өркениеті мен мәдениетін, білім саласын одан әрі нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін», – деді бас консул.

Іс-шара барысында Сиань Цзяотун университетінің вице-президенті Цай Вэй: «Қытайдағы заманауи жоғары оқу орнының бірі – Сиань Цзяотун университеті әрдайым мемлекет стратегиясына қызмет етіп, шетелдік ЖОО-лармен серіктестікті дамытуды мақсат етеді. Оқу ордасының құрылғанына биыл – 130 жыл. Қытай–Орталық Азия баспа орталығы ҚазҰУ мен Сиань Цзяотун университетінің ортақ жобасы. Болашақта мұнда жасанды интеллект, инженерия, экология және басқа да салалар бойынша кітаптар дайындалады», – деді Цай Вэй.
Жиында «Президент Тоқаев және Қытай», «Әл-Фарабидің философиялық еңбектер сериясын» қытай тіліне аудару және басып шығару туралы маңызды келісімдерге қол қойылды.

Сондай-ақ «Қазақ университеті» баспа үйі мен Қытай – Орталық Азия баспа орталығының алғашқы бірлескен жобасы – «Трансшекаралық өзендерді халықаралық құқықтық реттеу» атты үш тілді монографиясының тұсауы кесілді.

Аталған кітапта трансшекаралық су ресурстарын пайдалануды халықаралық құқықтық реттеудің өзекті мәселелері қарастырылып, қолданыстағы келісімді тетіктер талданады. Бұған қосымша, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты жетілдіру жолдары ұсынылады.

Шара соңында Сиань Цзяотун университетінің делегациясы оқу орнының Фараби кітапхана қорына құнды басылымдарды тарту етіп, халықаралық ынтымақтастықтың алдағы басым бағыттарын нақтылады.






Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар