КазҰУ өкілдері көру қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернатқа барды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің теориялық және ядролық физика кафедрасының оқытушылары, докторанттары мен студенттері Н. Островский атындағы көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №4 арнайы мектеп-интернатына барды. Аталған іс-шара университеттің әлеуметтік және ағартушылық қызметінің бір бөлігі ретінде ұйымдастырылып, жылы әрі достық атмосферада өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – мектеп тәрбиеленушілерімен қарым-қатынас орнату, оларға қолдау көрсету, жағымды көңіл-күй сыйлау және танымдық әрі шығармашылық іс-шаралар өткізу болды. Мұндай бастамалар студенттер мен оқытушылардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоғамда ізгілік пен жанашырлық құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Іс-шара университет өкілдерінің құттықтау сөздерімен басталды. Алғашқы болып сөз алған теориялық және ядролық физика кафедрасы меңгерушісінің оқу, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, профессор Фарида Бексұлтанқызы Белисарова мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, университет ұжымы әрқашан әлеуметтік бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді. Ол балаларға жылы лебізін білдіріп, жарқын болашақ тіледі.
Мектеп тәрбиеленушілері үшін қызықты әрі мазмұнды бағдарлама дайындалды. Іс-шараның ең әсерлі бөліктерінің бірі – музыкалық бағдарлама болды. Студенттер ұлттық аспаптарда бірнеше музыкалық шығармалар орындап, вокалдық нөмірлер ұсынды. Бұл балаларға ерекше әсер сыйлап, көтеріңкі көңіл-күй қалыптастырды.
Балалардың ерекше қызығушылығын тудырған бөлімдердің бірі – қоршаған орта дыбыстарына арналған интерактивті ойын болды. Ойын барысында қатысушыларға жануарлардың, табиғат құбылыстарының, техника мен музыкалық аспаптардың дыбыстары тыңдатылып, олардың қайдан шыққанын анықтау ұсынылды. Балалар белсенді түрде қатысып, өздерінің зеректігін, тыңдау қабілетін және есте сақтау дағдыларын көрсетті.
Сонымен қатар тәрбиеленушілер үшін табиғат, ғарыш, дыбыс және қоршаған орта тақырыптарын қамтитын танымдық викторина ұйымдастырылды. Балалар сұрақтарға үлкен қызығушылықпен жауап беріп, белсенділік танытты. Бұл олардың білімге деген құштарлығын арттырып, жаңа мәліметтерді қызығушылықпен қабылдауға мүмкіндік берді.
Шығармашылық бағдарлама студенттердің вокалдық және аспаптық орындауларымен жалғасын тапты. Музыка бүкіл іс-шараның маңызды бөлігіне айналып, қатысушыларды жақындастырып, достық атмосфера қалыптастырды.
Іс-шара соңында факультет өкілдері балаларға естелік сыйлықтар – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің логотипі бейнеленген футболкалар мен шағын сыйлықтар табыс етті. Кездесу соңында барлығы бірге естелік суретке түсіп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірілді.
Осындай іс-шаралар мектеп тәрбиеленушілері үшін ғана емес, университет қауымдастығы үшін де ерекше маңызға ие. Олар жастардың бойында жанашырлық, жауапкершілік және өзара қолдау құндылықтарын қалыптастырып, қоғамның дамуына оң әсер етеді. Мұндай кездесулер білім беру мекемелері мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, инклюзивті әрі мейірімді ортаны қалыптастыруға үлес қосады.
Басқа жаңалықтар