ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКА АЯСЫНДАҒЫ АШЫҚ САБАҚFarabi University

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКА АЯСЫНДАҒЫ АШЫҚ САБАҚ

17 наурыз, 2026

2026 жылдың 19 қаңтар - 28 наурыз аралығында жүзеге асырылып жатқан педагогикалық практика шеңберінде 2026 жылдың 17 наурызында Шығыстану факультеті, Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының 8D02305 – Шетел филологиясы (түрік тілі) білім беру бағдарламасының 1 курс докторанты Сүлейкулова Нұрсұлу Тағайбекқызы «Шет (шығыс) тілін тыңдауға жаттықтыру» пәні бойынша «Hayattaki en önemli seçim» тақырыбында ашық сабақ өткізді.

Ашық сабақтың мақсаты – білім алушылардың тыңдалым құзыреттілігін қалыптастыру және жетілдіру, шет тіліндегі (түрік тіліндегі) ақпаратты қабылдау, түсіну, интерпретациялау және талдау дағдыларын дамыту, сондай-ақ коммуникативтік құзыреттілігін арттыру болып айқындалды.

Сабақтың құрылымы қазіргі заманғы білім беру талаптарына сәйкес жүйеленіп, когнитивтік және коммуникативтік тәсілдерге негізделді. Оқу үдерісінде тыңдалым мәтіндерімен кешенді жұмыс жүргізіліп, білім алушылар мәтін мазмұнын семантикалық тұрғыдан талдауға тартылды. Сұрақ-жауап, пікір алмасу және проблемалық жағдаяттарды шешу әдістері арқылы студенттердің сыни ойлау және ауызша сөйлеу дағдылары белсенді түрде дамытылды. Сонымен қатар, жағдаяттық тапсырмалар негізінде диалог құрастыру жұмыстары ұйымдастырылып, олардың практикалық тілдік құзыреттіліктерін қалыптастыруға бағытталған жаттығулар орындалды.

Сабақ барысында интерактивті оқыту технологиялары мен ойын элементтері тиімді қолданылып, білім алушылардың танымдық белсенділігін арттыруға және оқу мотивациясын күшейтуге мүмкіндік берді. Қолданылған әдіс-тәсілдер білім алушылардың тілдік дағдыларын кешенді түрде дамытуға бағытталды.

Ашық сабақты талқылау барысында кафедраның профессор-оқытушы құрамы мен білім алушылары қатысып, сабақтың ғылыми-әдістемелік деңгейіне кешенді талдау жасады. Талқылау барысында Түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедрасының меңгерушісі доцент м.а А. Халел сабақ құрылымының логикалық жүйелілігін, қолданылған педагогикалық технологиялардың тиімділігін, білім алушылардың белсенділігін және қол жеткізілген оқу нәтижелерін жоғары бағалады.

Қорытындылай келе, аталған ашық сабақ жоғары ғылыми-әдістемелік деңгейде ұйымдастырылғаны және шет тілін оқытудағы заманауи педагогикалық тәсілдерді тиімді қолданудың үлгісі ретінде бағаланатыны анықталды. Сонымен қатар, бұл іс-шара педагогикалық тәжірибе алмасу мен кәсіби құзыреттілікті жетілдіру тұрғысынан маңызды оқу-әдістемелік алаң болып табылады.

 

Абелдаев Ж.

Кыркымбекова А.