ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИА ЖӘНЕ ЖАРНАМА ТІЛІ: ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕГІ ТІЛДІК БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫFarabi University

ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИА ЖӘНЕ ЖАРНАМА ТІЛІ: ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕГІ ТІЛДІК БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ

17 наурыз, 2026

2026 жылдың 17 наурызында Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасында педагогикалық шеберлік пен заманауи оқыту тәсілдерін ұштастырған мазмұнды ашық сабақ өтті. Аталған іс-шараны 8D02305 – Шетел филологиясы (түрік тілі) білім беру бағдарламасының 1 курс докторанты Назым Шуиншина Мета «6B02207 – Шығыстану» білім беру бағдарламасының 3 курс студенттеріне «Оқитын шығыс елінің БАҚ тілі» пәні аясында ұйымдастырды.

«Sosyal medya ve Reklam dili» тақырыбында өткен ашық сабақ қазіргі цифрлық дәуірдегі тілдің даму үрдістерін, әлеуметтік медиа мен жарнама дискурсының ерекшеліктерін жан-жақты қамтыды. Сабақ барысында студенттер әлеуметтік медиа тілінің құрылымы мен қызметін талдап, оның түрік тіліне ықпалын саралады. Сонымен қатар, жарнама тілінің ерекшеліктерін меңгеріп, ұран (slogan) құрастыру арқылы шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

Сабақ заманауи педагогикалық әдістер негізінде ұйымдастырылып, интерактивті тәсілдер кеңінен қолданылды. Топтық жұмыс, шығармашылық тапсырмалар және тәжірибеге бағытталған жаттығулар студенттердің пәнге деген қызығушылығын арттырып, олардың белсенді қатысуына мүмкіндік берді. Білім алушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, оны практикада қолдану, талдау және қорытынды жасау дағдыларын да жетілдірді.

Ашық сабаққа кафедраның профессор-оқытушы құрамы мен білім алушылары қатысып, оқу үдерісінің сапасына оң баға берді. Талқылау барысында Түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедрасының меңгерушісі, доцент м.а А. Халел сабақтың мазмұндық құрылымы, қолданылған әдіс-тәсілдердің тиімділігі және студенттердің белсенділігін ерекше атап өтті.

Аталған іс-шара жоғары ғылыми-әдістемелік деңгейде ұйымдастырылып, педагогикалық тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды. Мұндай ашық сабақтар білім беру сапасын арттыруға, жас ғалымдардың кәсіби шеберлігін дамытуға және университеттің академиялық әлеуетін нығайтуға зор үлес қосады.

Абелдаев Ж.

Кыркымбекова А.