СЕНІМДІЛІК ПЕН ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУ: СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН ТРЕНИНГFarabi University

СЕНІМДІЛІК ПЕН ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУ: СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН ТРЕНИНГ

17 наурыз, 2026

2026 жылдың 17 наурызында Шығыстану факультетінде «Мен кіммін? Өз құндылығымды тану» тақырыбында психологиялық тренинг өтті. Іс-шара тұрақты даму мақсаттарының «Денсаулық сақтау және салауатты өмір салтын қалыптастыру» бағыты аясында ұйымдастырылып, №3 және №4 мақсаттарға сәйкес өтті. Оны Түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедрасының докторанттары Г. Теменова, Н. Шуиншина және Н. Сулейкулова кәсіби деңгейде ұйымдастырды.

Тренингті кафедрамызға қонақ болып келген психолог әрі қоғам қайраткері Аширбекова Данна Қыздарбекқызы жүргізді. Негізгі мақсат – студенттердің өзін-өзі тану дағдыларын жетілдіру, ішкі құндылықтарын айқындау және эмоционалдық тепе-теңдікті қалыптастыру.

Іс-шара барысында қатысушылар «Мен кіммін?» деген терең философиялық сұраққа жауап іздеп, өздерінің тұлғалық ерекшеліктерін талдауға мүмкіндік алды. Практикалық бөлімде студенттер «Ішкі құндылықтар картасы», «Өз-өзіңмен диалог» және «Ішкі дауыс» сияқты интерактивті жаттығулар орындап, ішкі сенімділіктерін арттыруға бағытталған тәжірибелік тәсілдерді меңгерді. Бұл әдістер студенттердің өзін тереңірек түсінуіне, жеке потенциалын анықтауына және өзіне деген сенімділікті нығайтуына ықпал етті.

Сонымен қатар, тренинг барысында қатысушыларға стресс жағдайында өзін басқару, позитивті ойлау және эмоционалдық тұрақтылықты сақтау әдістері ұсынылды. Психолог Аширбекова Данна Қыздарбекқызы интерактивті тәсілдер арқылы студенттерді белсенді қатысуға шақырып, әрбір қатысушыға өз сезімдерін танып, ішкі гармонияға жету жолында бағыт-бағдар берді.

Тренингтің соңында профессорлық-оқытушы құрамы өз әсерлерімен бөлісіп, мұндай іс-шаралардың студенттердің жеке дамуында алатын орны ерекше екенін атап өтті. Көпшілік қатысушылар өздерін жаңа қырынан тануға мүмкіндік алғанын және ішкі тепе-теңдікті сақтауға үйреткен практикалық тәсілдердің пайдалы болғанын атап өтті.

Аталған тренинг - студент жастардың психологиялық мәдениетін арттыруға, тұлғалық өсуіне және ішкі сенімділігін дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Мұндай іс-шаралар университеттің білім беру процесінде жеке дамуды қолдаудың жаңа деңгейін көрсетіп, студенттердің өз өмірлік мақсаттарын айқындауға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізеді.

Студенттердің белсенділігі мен қызығушылығы тренингтің жоғары деңгейде өткенін, әрі болашақта осындай психологиялық тренингтерді кеңінен өткізу қажеттілігін дәлелдеді.

Абелдаев Ж.

Кыркымбекова А.