«Әділ қоғам» – ел болашағының кепілі»Farabi University

«Әділ қоғам» – ел болашағының кепілі»

20 наурыз, 2026

«Әділ қоғам» – ел болашағының кепілі» атты тақырыпта Механика-математика факультетінде үлкен ақпараттық танымдық шара өтті. Жиынды ашып берген Мехматтың деканының әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Болат Әбенов: «Сыбайлас жемқорлық бүгінде тамы­рын тереңге жайған аса қауіпті әрі жүйелі дертке айналды десек қателеспейміз. Оның салдары тек мемлекеттік аппаратта емес, қарапайым халықтың да күнделікті тіршілігіне елеулі кері әсерін тигізіп кел­еді. Бұл індетпен күрестің басты шарты – қоғамның санасын өзгерту арқылы ғана қол жеткізу мүмкін болмақ. Заңның сол­­қ­­ыл­дақ тұстарын жетілдіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және әр аза­мат­тың жауапкершілігін арттыру – жең ұшынан жалғасқан қылмысты ауыздық­таудағы күрестің негізі екені рас. Бүгінде ел ішінде әділдік жолында үнсіз қалмай, заңбұзушылықты дер кезінде хабарлап, қоғамдық тәртіптің сақталуына үлес қосып жүрген азаматтардың саны артып келе жатыр» – деді.

Бұл – адамзат баласы өмір сүріп келе жатқан сонау әлмисақтан бергі өз мәні мен маңызын жоймағаны ақиқат. Өкінішке қарай, елімізде сыбайлас жемқорлық мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күрес күн тәртібінен түспейтін өткір мәселе екені сөзсіз. Мемлекеттік қазынаға қол салғандардың, заңды белден басқан лауазым иелерінің әрекеті елдің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Дегенмен әділеттілік салтанат құрмай қоймайды, бүгінде жемқорлардың бірі ұсталып, бірі жауапқа тартылып жатыр. Бұл – қылмыстың жазасыз қалмайтынының жарқын көрінісі.

Келесі сөз алған, кездесуге арнайы шақырылған Мемлекет және құқық теориясы кафедрасының аға оқытушысы, жүздесудің бас спикері Қанат Алихан «Қоғамда әділдік пен заң үстемдігі, яғни баршаға ортақ «Заң және тәртіп» қағидасы орнықпаса, мемлекеттің дамуы да, халықтың әл-ауқаты да тұралай түседі. Сондықтан еліміздің ірі қалалары мен облыс орталықтарында Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаменттері жемқорлықпен күреске азаматтарды кеңінен тартуға күш салып келеді. Құқық қорғау құрылымдары азаматтық ұстанымның маңызын ерекше атап өтуде. Бұл ретте кез келген құқық­бұзу­шылық туралы уақытылы хабар беру әркімнің азаматтық борышы» – деп бастады.

Баяндамашының қызық құрылған мәлімдемесінен тыңдармандар сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру – бұл мемлекетті қорғау ғана емес, әр азаматтың өз болашағына деген қам­қорлығы екенін түсінді. Бұл – қоғамдағы әділет, заң және адам­гер­шілік ұғымдарына деген сенімнің өте маңызды екенін де ұқты.

Бүгінде іске асып жатқан «Әділ қо­ғам» жобасы  мемлекет пен халық ара­сын­дағы сана мен заң үйлесімін сенімді нығайтудың жаңа бағы­тына айналды. Жобаның негізгі мақсаты – азаматтарды заңға құрметпен қарауға, ашықтық пен әділеттілікті өмір салтына айналдыруға үндеу болып отыр. Жоба аясында өткізілетін мәдени-ағартушылық шаралар қоғам арасында құқықтық сауат­тылықты арттырып, аза­маттық белсенді­лікке тың серпін беріп келе жатқаны қуантады.

Қу құлқынның қамымен кезінде жемқорлар иемденген активтер енді ел игілігіне қызмет ететін болды. Елімізде мемлекетке қайтарылған активтердің қатарында әкімшілік ғи­марат­тар, жер телімдері, элиталық көлік­тер, сондай-ақ тұрғын үйлер мен білім беру мекемелері бар және сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес үшін қоғаммен тығыз байланыс орнату ауадай қажет екені айтылды.

Кездесудің соңында спикер тыңдаушыларды мазалап жүрген сұрақтарға тыңғылықты жауап берді. Студенттер мен оқытушы-профессорлардың сұрақтары негізінен жаңа қабылданған Ата заңымызға қатысты болды: олар жаңа қосылғын тараулар мен баптар, халық игілігі үшін қарастырылған жаңа құқықтық нормалар және жеңілдіктер туралы сұрап, толыққанды жауаптар алды.

«Әділ қоғамның» –жай ғана жоба емес, мемлекет пен халық арасындағы сенімді диалог алаңы екенін білді. Адалдық, әділеттілік және заң үстемдігі – өркениетті қоғамның іргетасы. Сондықтан да әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымыз, ерік-жігеріміз бен жауапкершілігіміз  ел болашағын айқындайтын басты құндылық екенін ұмытпасақ дейміз.

Б.Қ.Әбенов,

деканның әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары