ТДМ №4 «Қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру» атты семинар-тренинг
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Физика техникалық факультетінде «Инклюзивті орта» ғылыми-практикалық орталығы мен Психологиялық қолдау қызметінің ұйымдастыруымен Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) – 4: «Сапалы білім беру» бағыты аясында «Қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді.
Семинар-тренингтің мақсаты – студенттердің тұлғалық және кәсіби дамуына ықпал ету, олардың тиімді коммуникация дағдыларын жетілдіру, өз ойын анық жеткізу, тыңдай білу және өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру болды. Шараға Заң факультетінің белсенді студенттері қатысып, дұрыс қарым-қатынас орнатудың маңыздылығымен танысты.
Семинар барысында қатысушылар келесі өзекті тақырыптарды талқылады:
Қарым-қатынас мәдениетінің мәні мен маңызы, оның тұлға қалыптасуындағы рөлі;
Вербалды және вербалды емес қарым-қатынас ерекшеліктері;
Тыңдай білу дағдысы және эмпатияның маңыздылығы;
Қақтығыстарды басқару және тиімді шешу жолдары;
Қарым-қатынастағы психологиялық кедергілер және оларды жеңу тәсілдері.
Семинар практикалық бөліммен жалғасын тауып, қатысушылар үшін интерактивті форматта психологиялық тренингтер мен топтық жаттығулар ұйымдастырылды. Бұл тапсырмалар студенттердің коммуникациялық қабілеттерін дамытуға, өзара түсіністікті нығайтуға және түрлі әлеуметтік жағдайларда дұрыс қарым-қатынас орнату дағдыларын жетілдіруге көмектесті. Студенттер тәжірибе алмасып, қарым-қатынастың маңыздылығын терең түсінуге мүмкіндік алды.
Шара барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, жаңа инсайттар мен пайдалы ақпараттар алды. Жылы әрі достық атмосферада өткен семинар студенттердің өзіне деген сенімділігін арттырып, болашақта тиімді коммуникация орнатуына ықпал етті.
Семинар соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай іс-шаралардың жиі өткізілуі студенттердің тұлғалық және кәсіби дамуы үшін аса қажет екенін атап өтті.

