«Көптілділік – заманауи білім берудің негізі» — ҚазҰУ

«Көптілділік – заманауи білім берудің негізі»

10 қыркүйек 2026
«Көптілділік – заманауи білім берудің негізі»

2026 жылғы 9 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультеті, Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының «6B02303 –Шетел филологиясы (батыс тілдері)» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері «Көптілділік – заманауи білім берудің негізі» тақырыбында ашық сабаққа қатысты. Сабақ дөңгелек үстел және академиялық пікірталас форматында өткізіліп, Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) аясында ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ТДМ 4 – «Сапалы білім беру», ТДМ 10 – «Теңсіздікті азайту» және ТДМ 16 – «Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар» мақсаттарына ерекше назар аударылды.

Сабақтың мақсаты – көптілділіктің қазіргі білім беру мен қоғамдағы рөлін талқылау арқылы студенттердің ағылшын тіліндегі коммуникативтік, сыни ойлау, дәлелдеу және аналитикалық дағдыларын дамыту. Студенттер тілдік әртүрліліктің, мәдениетаралық коммуникацияның, білімге тең қолжетімділіктің және тілдердің академиялық әрі кәсіби дамудағы маңызына тоқталды. Сонымен қатар көптілділіктің заманауи білім беруге толыққанды қатысу үшін қажеттілігі және технологиялар мен жасанды интеллект негізіндегі аударма құралдарының дамуына байланысты оның маңызының өзгеруі талқыланды.

Сабақтың негізгі бөлімі «Round Table Debate» форматындағы пікірталасқа арналды. Студенттер жаһандану және халықаралық білім беру, тіл және мәдени бірегейлік, технологиялар мен жасанды интеллект, сондай-ақ білім берудегі теңдік мәселелері бойынша әртүрлі көзқарастарды ұсынатын топтарда жұмыс жасады. Студенттер өз дәлелдерін ұсынып, қарсы пікірлерге жауап берді, қарсы уәждер келтіріп, жоғары білім берудегі ағылшын тілінің рөлі, ұлттық тілдерді сақтау және жасанды интеллекттің тіл үйренуге ықпалы сияқты өзекті мәселелерді талқылады. Қорытынды тапсырмада «University 2035» тақырыбы бойынша болашақ халықаралық университетке арналған тіл саясатын әзірлеп, өз ұсыныстарын негіздеді.