Салауатты өмір салты – табысты маманның негізі
2026 жылғы 18 қыркүйекте география және табиғатты пайдалану факультетінің 119-аудиториясында «6B05203 – Гидрология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттеріне арналған «Салауатты өмір салты – табысты маманның негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны метеорология және гидрология кафедрасының аға кураторы Ахметова Р.Е. өткізді.
Кездесудің мақсаты – студенттердің денсаулыққа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, психологиялық әл-ауқатын қолдау және салауатты өмір салтының маңызын түсіндіру. Дөңгелек үстел барысында күн тәртібі, дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, жеткілікті ұйқы және оқу мен демалыс арасындағы тепе-теңдікті сақтау мәселелері талқыланды.

Іс-шара аясында «Өмірге құштарлық» психологиялық тренингі ұйымдастырылды. «Менің күш-қуат көздерім» атты қысқа жаттығуда студенттер өздеріне қуаныш сыйлайтын, қиындықтарды еңсеруге көмектесетін үш нәрсені қағазға жазып, қалауы бойынша ойларымен бөлісті. Сонымен қатар қатысушылар күнделікті өміріне енгізгісі келетін бір пайдалы әдетті атады.
Кездесуде өз денсаулығына қамқорлық жасау, өзара қолдау және өмірге оң көзқараспен қарау болашақ маманның тұлғалық әрі кәсіби дамуының маңызды негіздері екеніне назар аударылды.

Басқа жаңалықтар