Қазіргі заманғы оқыту: білім беруден белсенді оқытуға дейін — ҚазҰУ

Қазіргі заманғы оқыту: білім беруден белсенді оқытуға дейін

22 қыркүйек 2026
Қазіргі заманғы оқыту: білім беруден белсенді оқытуға дейін

2026 жылғы 22 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде «Қазіргі заманғы оқытудағы инновациялық әдістер мен технологиялар: білім беруден белсенді оқытуға дейін» тақырыбында әдістемелік семинар өтті.

Семинар спикері - География және табиғатты пайдалану факультетінің Білім беру және сапасы жөніндегі Академиялық комитетінің төрайымы А.Ғ. Көшім. 

Семинар барысында білім алушылардың пассивті тыңдаушы рөлінен белсенді оқу әрекетіне көшуіне бағытталған заманауи оқыту тәсілдері қарастырылды. Қазіргі сабақта студент тек ақпаратты қабылдап қана қоймай, оны талдауы, талқылауы, қолдануы, өз пікірін дәлелдеуі, шешім қабылдауы және өзіндік нәтиже жасауы қажет екеніне ерекше назар аударылды.

Қатысушыларға Problem-Based Learning (PBL), Case Study, Think-Pair-Share, Flipped Classroom, Project-Based Learning және  Mind Map сияқты белсенді оқыту әдістері ұсынылды.  Практикалық мысалдар арқылы бұл әдістердің студенттердің сыни ойлауын, дербестігін, талдау  дағдыларын және оқу процесіне белсенді қатысуын  дамытудағы мүмкіндіктері  көрсетілді.

Семинардың жеке бөлімі жасанды интеллектті оқыту процесінде қолдануға арналды. Жасанды интеллект оқытушыны алмастыратын құрал емес, тапсырмалар мен кейстер әзірлеуде, сұрақтар құрастыруда, түрлі жағдайларды модельдеуде, пікірталас ұйымдастыруда және кері байланыс дайындауда көмекші құрал ретінде қолданылуы мүмкін екені атап өтілді. Бұл ретте оқу материалының пән мақсаттарына, студенттердің деңгейіне және академиялық талаптарға сәйкестігін анықтау бойынша соңғы шешім әрқашан оқытушыда қалады.

Сонымен қатар қатысушылар жасанды интеллектке тиімді сұраныс құрастыру принциптерін және дәстүрлі тапсырмаларды проблемалық сипаттағы тапсырмаларға айналдыру жолдарын талқылады. Негізгі назар студент әрекетінің сипатын ақпаратты қайталаудан талдауға, дәлелдеуге және шешімді өз бетінше іздеуге өзгертуге аударылды.

Семинар соңында оқу бағдарламасын түбегейлі өзгертпей белсенді оқыту әдістерін енгізу, топтық жұмыс нәтижелерін бағалау, жасанды интеллектті пайдалану кезінде академиялық адалдықты сақтау және заманауи әдістерді әртүрлі пәндерде қолдану мәселелері талқыланды.

Осындай әдістемелік семинарларды өткізу факультетте инновациялық оқыту мәдениетін дамытуға және Тұрақты даму мақсаттарының №4 «Сапалы білім» бағытын жүзеге асыруға ықпал етеді.