- Басты бет
- Жаңалықтар
- Бирмингем университетінің профессоры Дженни Вонгтың екінші күнгі дәрісі: Халықаралық қатынастардағы аударма мен кәсіби біліктілік
Бирмингем университетінің профессоры Дженни Вонгтың екінші күнгі дәрісі: Халықаралық қатынастардағы аударма мен кәсіби біліктілік
2026 жылғы 22 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінде Ұлыбританиядағы беделді Бирмингем университетінің (University of Birmingham) қауымдастырылған профессоры, PhD Дженни Вонгтың (Jenny Wong) халықаралық дәрістер циклинің екінші күні нәтижелі өтті.
Аталған дәріс халықаралық қатынастар саласындағы аударманың өзіндік ерекшеліктеріне, дипломатиялық контесттегі тіларалық қарым-қатынас мәселелеріне және заманауи аудармашының кәсіби қызметіне арналды.

Дәріс барысында профессор Дженни Вонг халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялар аясындағы аудармашының рөліне тоқталып, мәдениетаралық коммуникациядағы дәлдік пен этикалық жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті. Шетелдік ғалым өз тәжірибесімен бөлісе отырып, дипломатиялық мәтіндерді аударудағы терминологиялық дәлдік, саяси контекстті ескеру және аудармашының тұлғалық әрі кәсіби біліктілігіне қойылатын заманауи талаптарды талдап көрсетті.
Кездесу интерактивті диалог форматында жалғасты. Дәріске қатысқан студенттер, магистранттар мен докторанттар аударма теориясы мен практикасы, халықаралық қатынастардағы мәдени кедергілерді еңсеру және кәсіби аудармашыларды даярлаудың заманауи тенденциялары төңірегінде көкейкесті сұрақтарын қойды. Профессор Дженни Вонг қатысушылардың сауалдарына тұшымды әрі жан-жақты жауап беріп, сапалы аударма жасаудағы практикалық лайфхактармен бөлісті.
Осындай жоғары деңгейдегі академиялық кездесулер студенттердің теориялық білімін практикалық тәжірибемен ұштастыруға, олардың кәсіби бағдарлануына және болашақ мамандар ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор ықпал ететіні сөзсіз. Білім мен тәжірибеге толы халықаралық дәрістер апта бойы өз жалғасын табады.
Ұйымдастырушылары: филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Ә. Қайдар атындағы Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы орталығының директоры С.Б. Бектемирова, түркітану және тіл теориясы кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Н.А. Исмаилова.
Басқа жаңалықтар