Ресей қолжазба қорларындағы қазақ даласы ойшылдарының мұрасын зерттеу
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының ғалымдары халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді жалғастыруда. Осы орайда кафедраның аға ғылыми қызметкері, PhD, қауымдастырылған профессор Азамат Шутбаевич Жамашев Ресей Федерациясының жетекші ғылыми орталықтары мен ірі қолжазба қорларына арнайы ғылыми іссапар жасап қайтты. Бұл сапар AP22686474 «Қазақ даласы ойшылдарының әлем мұрағаттарындағы арабтілді дереккөздер антологиясы» гранттық қаржыландыру жобасы аясында дайындалып жатқан монографияның деректік қорын байыту, ортағасырлық жазба жәдігерлерді сараптау және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту мақсатында жүзеге асырылды.
Ғылыми сапар барысында зерттеуші Санкт-Петербург, Мәскеу және Қазан қалаларындағы ең беделді академиялық мекемелер мен кітапханалардың сирек қорларында кешенді ізденіс жүргізді. Атап айтқанда, Санкт-Петербург қаласында Ресей ғылым академиясының Шығыс қолжазбалары институты (ИВР РАН) мен Ресей ұлттық кітапханасы (РНБ); Мәскеу қаласында Ресей мемлекеттік кітапханасы (РГБ – бұрынғы КСРО мемлекеттік кітапханасы), Ресей ҒА Шығыстану институты (ИВ РАН) және М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дың Ғылыми кітапханасы (НБ МГУ); Қазан қаласында Ресей ислам институты (РИИ).
Сапар тек архивтік ізденістермен шектелмей, Ресейдегі Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Әскербекұлы Абаевпен, сондай-ақ жергілікті қолжазбатанушы мамандар және ғалымдармен мазмұнды кездесулер түрінде өрбіді. Кездесулерде отандық мұраны түгендеу және болашақта бірлескен ғылыми жобаларды дамыту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, аталған ғылыми бағыт бойынша Дінтану және мәдениеттану кафедрасының докторанты Мажен Ернар Қалмаханұлы Ресейдің ғылыми орталықтарында «XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар шығармашылығындағы дін мәселесі» атты докторлық диссертация тақырыбы аясында кешенді зерттеулер жүргізіп, сирек қолжазбалар мен тарихи мәтіндерді зерделеді.
Іссапар барысында анықталған жәдігерлердің арасында өзіндік құндылығымен ерекшеленетін бірегей деректер табылды. Қорлардан табылған ең көне жазбалардың бірі – Қазан федералды университетінде сақталған тілші-ғалым Исмаил әл-Жауһари әл-Фарабидің «әс-Сыхах» сөздігінің 1124 жылғы көне көшірмесі. Бұл көне туындымен қатар, Санкт-Петербургтегі Азия мұражайының Бухара топтамасынан табылған Бурһануддин Ахмад әл-Фарабидің «Зәлла әл-қари» атты Құран оқудағы жаңсақтықтарға арналған 1174–1175 жылғы көшірмесі де ерте ортағасырлық құнды мұралардың көшін бастап тұр.
Зерттелген қолжазбалар ішінде ең көп көшірмесі тіркелген шығарма ретінде де әл-Жауһари әл-Фарабидің араб лексикографиясында теңдессіз саналатын «әс-Сыхах фи әл-луға» атты атақты сөздігі танылды. Оның Ресей қорларында түрлі ғасырларда (XII–XVIII ғғ.) хатқа түскен 14-тен астам нұсқасы сараланды; Қазан қаласындағы осы еңбектің 1487 жылғы нұсқасы 819 парақты құрайтын ең көлемді толық көшірмелердің бірі екені айқындалды. Сонымен қатар, ортағасырлық заң және фиқһ ғылымына қатысты ең ауқымды трактаттардың бірі – Әбу Ханифа Қауамуддин әл-Итқани әл-Фарабидің «Ғаят әл-баян» шығармасының 1444 жылы көшірілген 433 парақтық көлемді данасы табылды.
Ғылыми ізденіс тек Отырар өңірімен шектелмей, Сыр бойы мен Түркістан топырағынан шыққан ойшылдар мұрасын да қамтыды. Мәселен, Тәжуддин әл-Жендидің ғылыми пікірталас пен этика әдебіне қатысты трактаты, Дәуід әт-Түркістанидің логикалық ережелерді қамтитын «Жамиғ әл-қауағид» еңбегі және Жамал әл-Қаршидің өлке тарихына арналған «Мулхақат әс-сурах» атты бірегей туындысы мәтінтанулық тұрғыдан жаңаша бағаланды. Әсіресе, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», Платон мен Аристотель пәлсапасын ұштастыратын «әл-Жамғ байна райәй әл-хакимайн» және жұлдыздар үкіміне арналған сирек трактаттарының тұпнұсқалық сипаттары толықтырылды.
Халықаралық іссапардың нәтижесінде отандық тарих пен руханиятқа қатысты жалпы саны 60 құнды қолжазба көшірмесінің мәтінтанулық және палеографиялық сипаттамасы түзіліп, жарық көретін монография мен антологияның мазмұнына енгізілді. Бұл зерттеу қазақ даласы ойшылдарының ортағасырлық ғылыми-интеллектуалдық өркениеттегі орнын жаңа қырынан айшықтап, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық ғылыми кеңістіктегі беделін нығайтуға сүбелі үлес қосады.
Жамашев Азамат Шутбаевич
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға ғылыми қызметкері
Басқа жаңалықтар