ҚазҰУ-дың студенттік заң клиникасы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруда — ҚазҰУ

ҚазҰУ-дың студенттік заң клиникасы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруда

15 қазан 2026
ҚазҰУ-дың студенттік заң клиникасы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруда

  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультеті кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Куаналиева Гульдана Амангельдиевнаның жетекшілігімен кафедра жанындағы студенттік заң клиникасы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету бағытындағы кешенді жұмысын белсенді түрде жүзеге асыруда.

    Осы бастама аясында, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 16-мақсаты — «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» бағытын іске асыру мақсатында кафедраның аға оқытушысы, «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі, King's College London университетінде стажировкадан өткен Данияр Абдрахманов «Радость Алматы» балабақшасының қызметкерлерімен арнайы кездесу өткізді.

   Кездесу барысында Данияр Абдрахманов Заң клиникасының негізгі мақсаты мен қызмет көрсету бағыттарын кеңінен таныстырды. Кездесуде педагогтар мен балабақша қызметкерлері өздерін толғандырған жер телімі және қаржылық-құқықтық мәселелерге қатысты көкейкесті сұрақтарын қойып, білікті заңгерден толық әрі жан-жақты құқықтық түсіндірмелер алды.