Ұлт ұстазының мұрасы — жас ұрпаққа тағылым! — ҚазҰУ

Ұлт ұстазының мұрасы — жас ұрпаққа тағылым!

27 қазан 2026
Ұлт ұстазының мұрасы — жас ұрпаққа тағылым!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультетінің «6B05105 – Генетика» білім беру бағдарламасының студенттері Қазақстан тарихы сабағы аясында Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне барды. Танымдық сапардың мақсаты — студенттердің тарихи білімін тереңдету, ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылық мұрасын таныстыру және ұлттық құндылықтарға құрмет қалыптастыру.

Музей экспозициясымен танысу студенттерге Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолын, ағартушылық және қоғамдық қызметін тарихи кезеңмен сабақтастыра түсінуге мүмкіндік берді. Тұлға мұрасын сақтаған мемориалдық кеңістік пен онда ұсынылған материалдар сабақ барысында алған білімді толықтырып, өткен дәуірдің қоғамдық ахуалын тереңірек пайымдауға жол ашты.

Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ағартушы, әдебиет зерттеушісі және ұлт мүддесіне қызмет еткен қоғам қайраткері. Ол қазақ жазуын реформалап, ана тілінде сауат ашуға және білім беруге арналған еңбектер жазды. «Оқу құралы», «Тіл-құрал», «Әдебиет танытқыш» еңбектері ұлттық білім мен ғылымның дамуына зор үлес қосты. Оның ағартушылық қызметінің өзегінде халықтың сауатын ашу, білімге қолжетімділікті кеңейту және ел болашағына жауапты ұрпақ тәрбиелеу идеясы тұрды. 

Алаш қозғалысының көрнекті өкілі ретінде Ахмет Байтұрсынұлы қазақ қоғамының саяси және рухани жаңғыруына атсалысты. «Қазақ» газеті арқылы оқу-ағарту, тіл, қоғамдық өмір және халық мүддесіне қатысты мәселелерді көтеріп, ұлттық сананың өсуіне ықпал етті. Оның мұрасы жастарға елдің дамуы біліммен, саналы азаматтық ұстаныммен және қоғам алдындағы жауапкершілікпен тығыз байланысты екенін ұғындырады. 

Тарих сабағын музей кеңістігінде жалғастырудың танымдық әрі тәрбиелік маңызы зор. Музей материалдары тарихи оқиғаларды нақты деректермен байланыстырып, ақпаратты салыстыруға, сұрақ қоюға және өз тұжырымын қалыптастыруға жетелейді. Сонымен қатар мұндай сапарлар тарихи жадыны сақтауға, мәдени мұраны бағалауға және ұлт тарихындағы тұлғалардың еңбегін саналы түрде түсінуге ықпал етеді.

Генетика саласында білім алатын болашақ мамандар үшін де тарихи және рухани мұраны тану маңызды. Кәсіби біліммен қатар қалыптасқан тарихи сана, ана тіліне құрмет пен азаматтық жауапкершілік жастардың жан-жақты дамуына негіз болады. Ахмет Байтұрсынұлының білімге, ізденіске және халыққа қызмет етуге бағытталған ұстанымы ғылым жолын таңдаған студенттер үшін де тағылымды.

Мазмұны мен білім беру мақсаты тұрғысынан бұл іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты — «Сапалы білім» бағытына, нақтырақ айтқанда, 4.7-міндетіне сәйкес келеді. Аталған міндет білім алушылардың мәдени әралуандылықты бағалауына, мәдениеттің тұрақты дамуға қосатын үлесін түсінуіне және жаһандық азаматтық құндылықтарды меңгеруіне мән береді. Осы тұрғыдан музейге танымдық сапар оқу үдерісін мәдени мұрамен байланыстырып, студенттердің тарихи танымы мен азаматтық жауапкершілігін дамытуға ықпал етеді. 

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне сапар студенттер үшін ұлт ұстазының мұрасын жақыннан танып, оның ел болашағы жолындағы еңбегін зерделеуге мүмкіндік берген мазмұнды сабақ болды.

 

Қазақстан тарихы кафедрасының PhD, 

аға оқытушысы Кошымова Акнур Оразгалиевна;

Қазақстан тарихы кафедрасының 

аға оқытушысы Бекбауова Жұлдыз Маратовна.