Кітап – рухани дамудың және ғылыми ізденістің қайнар көзі — ҚазҰУ

Кітап – рухани дамудың және ғылыми ізденістің қайнар көзі

29 қазан 2026
Кітап – рухани дамудың және ғылыми ізденістің қайнар көзі

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында 4-курс студенттерімен «Кітап – рухани дамудың және ғылыми ізденістің қайнар көзі» тақырыбында куратор-эдвайзер Мұхамедрысқызы М., Аширбек А. ұйымдастыруымен тәрбиелік-пікірталас кездесуі өткізілді.  Кездесудің негізгі мақсаты – студенттердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, ғылыми дүниетанымын кеңейту және болашақ маман ретінде зерттеушілік қабілеттерін дамытуға ынталандыру. Пікірталас барысында қазіргі жастардың рухани тәрбиесі, адамгершілік қасиеттері, білімге құштарлығы, кәсіби дамуы мен ғылыми ізденіске деген қызығушылығы талқыланды. Студенттерге тұлғалық және интеллектуалдық дамуға ықпал ететін, ғылыми ойлау мәдениетін қалыптастыратын әдебиеттерді оқу ұсынылды.

Атап айтқанда, Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» адамгершілік, ғылым мен білімнің маңызын түсінуге жетелесе, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық» еңбегі ар-ұждан, рухани тазалық және адамдық жауапкершілік туралы терең ой қалыптастырады. Сонымен қатар, студенттердің ғылыми дүниетанымын кеңейту мақсатында әлемге танымал ғалымдардың ғылыми-көпшілік еңбектеріне ерекше назар аударылды. Нобель сыйлығының лауреаты Ричард Фейнманның «Физиканың алты жеңіл тарауы» атты еңбегі физиканың іргелі заңдарын түсінуге көмектесіп, табиғатты ғылыми тұрғыдан тануға қызығушылықты арттырады. Ал Митио Какудың «Болашақ физикасы» (Physics of the Future) кітабында болашақ технологиялары, жасанды интеллект, энергетика және ғылымның даму перспективалары қарастырылады.

Кездесу барысында кітап оқудың тек білім жинақтау құралы ғана емес, сонымен қатар жаңа ғылыми идеялардың қалыптасуына, зерттеу тақырыбын таңдауға және шығармашылық ізденіске жол ашатын маңызды мүмкіндік екені атап өтілді. Студенттерге өздерін қызықтыратын ғылыми бағыттарды анықтау, заманауи ғылыми мақалалармен танысу, ғылыми дереккөздерді талдау және дипломдық жұмыстарын болашақ ғылыми зерттеулермен байланыстыру жөнінде ұсыныстар берілді.

Кездесу соңында кітап оқу, үздіксіз білім алу және ғылыми ізденіс – бәсекеге қабілетті, рухани бай әрі кәсіби тұрғыдан қалыптасқан маман болудың маңызды негізі екені айтылды.