ҚазҰУда қаржылық экожүйені цифрлық трансформациялау мәселелері талқыланды
2026 жылғы 13 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде Ұлттық валюта — теңге күніне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Қазақстанның қаржылық экожүйесін цифрлық трансформациялау: цифрлық технологиялар, қаржылық сауаттылық, қаржылық қызметтердің қолжетімділігі және бухгалтерлік есеп пен аудиттің жаңғыруы» тақырыбындағы іс-шараны «Қаржы және есеп» кафедрасы ұйымдастырды.
Пленарлық бағдарламада Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты, ассистент-профессор Жанна Ермекованың құттықтауы қарастырылды. Пленарлық мәжілісте Қазақстан Республикасының қаржы вице-министрі Даурен Темирбеков өз баяндамасында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры: қаражатты басқару, ашықтық және азаматтардың қаржылық сауаттылығы» тақырыбында баяндамасын ұсынды. Баяндамада Ұлттық қор қаражатын басқаруға, оның қызметінің ашықтығына және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға қатысты мәселелер қарастырылды. Конференция барысында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нурмахан Адильбеков өз сөзінде Қазақстандағы мемлекеттік активтерді басқаруды цифрландыруға, сондай-ақ мүлік аукциондарындағы ашықтық пен қолжетімділікті арттыру қадамдарын атап өтті. Еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірін «Проблемалық несиелер қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мухит Туменбаев қозғады. Ол өз кезегінде проблемалық активтерді басқару және қарыз алушылардың қаржылық жағдайын сауықтыру ісіндегі цифрлық құралдар мен қаржылық сауаттылықтың рөлінің маңызын ашып көрсетті.
Сонымен қатар, пленарлық мәжілісте Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жанна Қырғызалықызы, Ұлттық банктің Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Гульнара Киреева, Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының елдік экономисі Галымжан Айтказин, FIRST кәсіби бухгалтерлер ұйымының басқарма төрағасы Шолпан Бертисбаева және Freedom Finance Global қаржы сарапшысы Ильдар Жумадилов қазіргі таңдағы барлық маңызды мәселелерді анықтап көрсетіп, оларды шешу жолдарын ұсынды.
Пленарлық мәжіліс бағдарламасында Қазақстанның Ұлттық қорының жинақтарын басқару, мемлекеттік активтерді цифрландыру, мүліктік сауда-саттықтың ашықтығы және проблемалық активтермен жұмыс істеу мәселелері қамтылды. Кәсіпкерлердің қаржыландыруға қолжетімділігі, цифрлық теңге жобасы, инвестициялық нарықты дамыту және халықтың борыштық жүктемесін төмендетудегі қаржылық әрі психологиялық сауаттылықтың рөлі жеке тақырыптар ретінде ұсынылды.
Бухгалтерлік есеп пен аудит бағыты корпоративтік есептіліктің ашықтығы мен салыстырмалылығына арналды. Бағдарламаға IFRS S1, IFRS S2 және IFRS 18 стандарттарына қатысты тақырыптар, цифрлық активтер мен криптовалюталарды есепке алу мәселелері енгізілді. Сонымен бірге бухгалтер жұмысында жасанды интеллектті қолдану, қаржылық операцияларды үздіксіз бақылау және тұрақтылық тәуекелдерін бағалау құралдарына назар аударылды.
Секциялық жұмыс екі бағытты қамтыды: Қазақстанның қаржы секторындағы инновациялық технологиялар, қаржылық сауаттылық және заманауи қызметтер; сондай-ақ есепті, аудитті және корпоративтік есептілікті цифрлық жаңғырту. Білім алушыларға арналған бағдарламада финтех, қолма-қол ақшасыз төлемдер, қаржылық инклюзия, жасыл қаржыландыру, салықтық тәуекелдер және деректер аналитикасы бойынша зерттеу тақырыптары ұсынылды.
Кәсіпкер, ABK Trans қаржы директоры және Green Moving негізін қалаушы Куаныш Мустафиннің тақырыбы халықаралық бизнестегі цифрлық қаржылық технологияларды қамтыды.
Қатысушылар өзекті мәселелерді қызу талқылап, ғылыми тұжырымдары мен тәжірибелік ұсыныстарын ортаға салды. Секциялық отырыстар қорытындысында үздік баяндама жасаған және талқылауға белсенді қатысқан білім алушыларға бірінші, екінші және үшінші орындар берілді. Мұндай бағалау жас зерттеушілердің ғылыми ізденісін қолдап, зерттеу нәтижелерін дәлелді ұсынуға ынталандырды.
Конференция ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және болашақ мамандардың қаржы саласындағы заманауи өзгерістерді терең түсінуіне арналған пікірталас алаңы ретінде өз жұмысын аяқтады.
Басқа жаңалықтар