ЕҰУ студенттерімен құқықтық және танымдық бағыттағы кездесу өткізілді — ҚазҰУ

ЕҰУ студенттерімен құқықтық және танымдық бағыттағы кездесу өткізілді

12 қараша 2026
ЕҰУ студенттерімен құқықтық және танымдық бағыттағы кездесу өткізілді

    2026 жылғы 12 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы, студенттік заң клиникасының өкілі Данияр Саттарұлы Абдрахманов студенттермен кездесу өткізді.

   Аталған іс-шара ЕҰУ заң факультетінің Қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі, PhD Алуа Жасланқызы Мұратованың шақыруымен ұйымдастырылды.

    Кездесу барысында Данияр Абдрахманов студенттерге ҚазҰУ жанындағы заң клиникасының қызметі, оның негізгі жұмыс бағыттары және халыққа тегін құқықтық көмек көрсету мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Сондай-ақ заң клиникасының құқықтық сауаттылықты арттырудағы және азаматтардың құқықтарын қорғаудағы рөліне тоқталды.

     Іс-шара аясында «Сіздің таңдауыңызды шын мәнінде кім басқарады?» тақырыбында шеберлік сынып өткізілді. Онда салауатты өмір салтын ұстану, саналы таңдау жасау, жеке шешімдердің мәні мен олардың салдары үшін жауапкершілік алу мәселелері кеңінен талқыланды.

     Шеберлік сынып интерактивті форматта өтіп, студенттер тақырып бойынша өз ой-пікірлерімен бөлісіп, пікірталасқа белсенді қатысты. Кездесу жастардың сыни ойлау қабілетін дамытуға, өз таңдауларына саналы түрде қарауға және жеке жауапкершілікті сезінуге бағытталды.