- Басты бет
- Жаңалықтар
- Студенттерге Жолдау аясында Қазақстан медицинасының болашағы туралы дәріс оқылды
Студенттерге Жолдау аясында Қазақстан медицинасының болашағы туралы дәріс оқылды
16 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Медицина және денсаулық сақтау факультетінде биостатистика, эпидемиология және дәлелді медицина кафедрасының доценті, PhD, қауымдастырылған профессор Зинат Батырханқызы Абдрахманова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында студенттерге дәріс оқыды. Дәріс тақырыбы — «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстан медицинасының болашағы: цифрландыру, инновациялық технологиялар және халық денсаулығын қорғау».
Дәріс барысында Жолдауда денсаулық сақтау саласына қойылған міндеттер талқыланды. Атап айтқанда, аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын, оның ішінде 8 заманауи перинаталдық орталық пен 7 көпбейінді балалар ауруханасын салу, бастапқы медициналық-санитариялық көмекті жаңғырту және учаскелік қызмет мамандарының жалақысын арттыру мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ Президент айқындаған жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құру міндетінің медицина үшін маңызы түсіндірілді.
Спикер денсаулық сақтауды цифрландырудың нақты нәтижелерін ұсынды: 2025 жылы медициналық қызметтердің 88,6 пайызы электронды форматта көрсетілген, тар бейінді мамандарға кезек айтарлықтай қысқарған. Жасанды интеллект негізіндегі диагностикалық жүйелер, ұлттық медициналық деректер қоймасы, сондай-ақ цифрлық медицинаның тәуекелдері — дербес деректердің қауіпсіздігі, цифрлық теңсіздік және деректер сапасы мәселелері сөз болды. Деректер сапасының маңызы кафедра қызметкерлері жүргізген ғылыми зерттеудің мысалында көрсетілді.
Дәріс интерактивті форматта өтті. Студенттер жасанды интеллекттің медицинадағы рөлі, халық денсаулығы үшін ортақ жауапкершілік және 2036 жылғы Қазақстан медицинасының келбеті туралы сұрақтарға жауап беріп, пікірталасқа белсенді қатысты.
Қорытындысында болашақ мамандардың цифрлық сауаттылығы, деректермен жұмыс істеу дағдылары мен ғылыми белсенділігі еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытудың маңызды шарты екені атап өтілді.
Басқа жаңалықтар