ЕЛБАСЫНА ЦУКУБА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚҰРМЕТТІ ДОКТОРЫ АТАҒЫ БЕРІЛДІ

28 қаңтар, 2020

2019 жылы 23 қазанда Жапонияның астанасы Токио қаласында ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Цукуба Университетінің құрметті докторы атағы берілді.

  Елбасына құрметті доктор куәлігін Цукуба университетінің президенті Кёсукэ Нагата табыс етті. Марапаттау рәсіміне Жапонияның мәдениет жөніндегі агенттігінің төрағасы - Рёхэй Мията бастаған Жапонияның жоғары лауазымды тұлғалары, Цукуба Университетінің профессорлары мен Цукубада тағылымдамадан өтіп жатқан қазақстандық студенттер де қатысты.

Цукуба Университеті Жапонияның ең үздік он университетінің қатарына кіреді. Сонымен қатар, Елбасы атап өткендей, Нобель сыйлығының лауреаттары ең көп шыққан жапон университеті ретінде танымал. Қазіргі таңда Цукуба Университеті Қазақстанның жеті ЖОО-мен академиялық әріптестік байланыс орнатып, солардың ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінде өз кеңсесін ашқан.

Рәсімнің соңында Елбасы уақытының тығыз болғанына қарамастан, қазақстандық студенттермен жүзбе-жүз аман-саулық сұрасып, ізгі тілегін білдірді. Ал студенттер бұл кездесуден терең әсер алып, тебіренген көңіл-күйлерін жасыра алмады.