17 march, 2021

                                                                             «Тарихқа тағзым: жаңару мен жаңғыру»

  ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында өткен тарихты білу мен одан сабақ алудың маңыздылығына жоғары мән беруі – оның тұғыры биік тәуелсіз және дамыған мемлекетті қалыптастырудың негізі екендігін көрсетеді. Осы орайда «17 наурыз – Тарихқа тағзым күнінің» белгіленуі тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерін зерттеп қана қоймай, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және әрқашан есте сақтап, насихаттау арқылы Қазақстандық патриотизм мен тарихи жадыны қалыптастыруда маңызды болып табылады.

Аталған күні, жыл басы – әз Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа концепциясына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих, археология және этнология факультетінде «Тарихқа тағзым: жаңару мен жаңғыру» атты онлайн форматтағы республикалық дөңгелек үстел өтті.

Танымды шараның шымылдығын ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының Академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков ашып, мемлекеттік тілдің тарихи тамырлары және қоғамдық рухтың жаңғырудағы рөлі, жаңаша аспектілері турасында өз баяндамасын оқыды. Оның сөзін әрі жалғастырған факультетіміздің профессоры, тарих ғылымдарының докторы танымал этнолог-ғалым Бибизия Кенжебекқызы Қалшабаева: «Наурыз - барша мұсылман әлемі тойлайтын ұлы мереке, Ұлыстың ұлы күні, жыл басы. Бұл күні күн мен түн теңеледі, Самаркандтың көк тасы жібиді. Осы күннен бастап күн жылына бастайды және күн ұзарып, ал түн болса, керісінше қысқарады...» дей келе Наурыз мерекесінің мән-маңызына толықтай тоқталып өтті.

Шара барысында барша қатысушыларға Анкарадан сәлем жолдаған Хаджы Вели Байрам университетінің (Анкара, Түркия) профессоры Гүлжанат Құрманғали - Ержиласун ханым «“Қазақстанда ауызша тарих зерттеулері: Жадыларда сақталған Наурыз мейрамы”» тақырыбындағағы баяндамасын ел аузынан жазып алған естеліктері тарапынан толықтырып, ауызша деректердің ұлттық ұғымға әсерін саралады.

Келесі сөз кезегін, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының Академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Берекет Бахытжанұлы Кәрібаев алып, ұлттық сана мен тарихи түсінікті қалыптастырудағы айтулы мерекелердің міндетін, мемлекеттік деңгейде аталып өтетін мейрамдардың біздің рухани құндылықтарымызға әсерін тыңдарманға жеткізуді басты назарда ұстады .

Жастарымыздың санасына ұлттық ұғымды, рухани тәрбиені қалыптастыру жолында қызмет етіп жүрген баяндамашылар шоғырын жас ғалым, жаңа буын өкілі ретінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің оқытушысы, доктор PhD Бекарыс Нұриман толықтырды. Өз сөзінде, Наурыз мерекесінің көшпелі және отырықшы халықтар арасындағы айырмашылықтары мен ерекшеліктерін талдап, оның қәзіргі күндегі тойлану тәртібінің шығу тарихын түсіндіре келе, «Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» - деп сөзін келе жатқан «Ұлыстың ұлы күні – 22 наурыз» мерекесіне жүрекжарды тілегімен аяқтады.

Соңғы сөзді бүгінгі іс-шараның модераторы әрі ұйымдастырушысы – Тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, факультет деканы Ноғайбаева Меңдігүл Сағатовна алып: «Дөңгелек үстел жұмысында пәнаралық синтез негізінде Қазақстан тарихының өзекті мәселелері, тарихи тұлғалардың қызметі арқылы олардың азаттық тарихына қосқан үлесі қарастырылды. Сонымен қатар саяси, мәдени және әлеуметтік тарихты зерттеуге байланысты жүргізілген ізденістердің негізінде жасалған тың ғылыми тұжырымдар сарапталды. Жалпы, тарих сыр-сандығын ақтара келе, бүгінгі күннің өзекті тақырыбы- Наурыз мейрамы болып отыр. Наурыз жаңа кезеңде жаңа сипатқа ие болды, ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Халықтар арасындағы достықты бекітуге, бауырластық қарым - қатынастардың нығаюына, әр ұлттың салт - дәстүрінің қайта жаңғыруына осы мейрам үлкен үлесін қосып отыр» -, деп қорытынды пікірін жеткізді.

Дөңгелек үстел белгілі тарихшы, филолог және қоғамтанушы ғалымдармен бірлесе отырып, дәстүр мен жаңашылдық, Отан тарихының ақтаңдақ беттерін және өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болған әрі елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінің есімін ұлықтау мақсатын негіздей келе, Тәуелсіз Қазақстандағы тіл мәселесінің өткені мен бүгіні, түркі халықтарының ұлы тұлғалары әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім еңбектеріндегі Ұлық мейрам Наурыздың қоғамдағы орны жайында пікір алмасу түрінде жоғары деңгейде жүзеге асырылды.

Осындай тағылымды іс-шараларды үздіксіз ұйымдастырып, өткеннің ескерткіштерін жаңғырту арқылы, біз өскелең ұрпаққа өміршең дүниелердің даралығын ұғындырып, ұлы даланың кез-келген құбылысының тарихи мұраларына, көне тарихқа тағзым етуді үйрете алуымыз қажет.

 

 

 

 

 

 

Other news

20 december, 2024
20 december, 2024