Түркия Республикасының 11-ші президенті Абдулла Гүл әл-Фараби университетінде қонақта

22 қараша, 2021

 

2021 жылы 20 қарашада Түркия Республикасының 11-ші президенті Абдулла Гүл университет ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлының арнайы шақыруы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің әл-Фараби Кітапханасында шетелдік және отандық мемлекет және қоғам қайраткерлері, университет басшылығы, факультет декандары, кафедра меңгерушілері, оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер, магистранттар және докторанттармен кездесті. Атаулы салтанатты іс-шараның ашылу салтанатында Жансейіт Қансейітұлы қатысушыларды жоғарғы мәртебелі қонақпен таныстырып, ресми сөз сөйледі.

Абдулла Гүл қазақ-түрік қатынастары және сыртқы саяси мәселелерге қатысы арнайы дәріс оқыды. Жоғарғы мәртебелі қонақ өз сөзінде Қазақстанның күллі түркі халықтарының отаны hәм ата-жұрты екенін айрықша атап өтіп, қазақ халқына және Қазақстан мемлекетіне жарқын әрі кемел болашақ тілейтінін жеткізді. Бұған қоса Абдулла Гүл екі мемлекет арасындағы екі жақты қатынастар мен ынтымақтастықтың қарыштап дамуына Қазақстанның тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегінің зор екенін баса көрсетті. Сонымен қатар өз сөзінде аса мәртебелі қонақ түркі дүниесінің бірлігінің саяси, рухани, мәдени, экономикалық және стратегиялық маңызының орасан зор екенін айтты.

Одан кейін Абдулла Гүл қатысушылардың тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді.

Салтанатты іс-шараның қорытындысы ретінде ректор Жансейіт Қансейітұлы аса мәртебелі қонаққа әл-Фараби университетінің құрметті профессоры атағын ресми түрде беріп, құрмет көрсетіп, ризашылығын білдірді.

Түркияның 11-ші президентімен болған кездесу аса жоғарғы салтанатты деңгейде өтіп, қатысушыларға үлкен әсер қалдырды. Тарих факультетінің атынан бұл атаулы кездесуге факультет деканы Ноғайбаева Меңдігүл Сағатқызы бастаған оқытушы-профессорлар құрамы және студенттер қатысты.