Шарын шатқалындағы оқу-танымдық экскурсия

24 ақпан, 2023

Шығыстану факультеті, Қиыр Шығыс кафедрасында 2 ақпаннан 24 ақпан аралығында академиялық ұтқырлық бағдарламасы негізінде Жапонияның серіктес университеттерінің студенттеріне арналған «Қысқы мектеп» өткізіліп жатыр.   Осы қысқы мектеп бағдарламасының аясында София және Токио шет тілдер университеттерінің студенттері Қиыр Шығыс кафедрасы жапонтану бөлімінің оқытушылары мен студенттерімен 19 ақпан 2023 жылы Шарын шатқалына оқу-танымдық экскурсияға барды. Қысқы мектеп бағдарламасының мақсаты – студенттерге Орта Азия мемлекеттерінің халқының тарихы, мәдениеті, тілін оқыту ғана емес, сондай-ақ еліміздің тарихи, туристік орындарымен таныстыру. Дүниежүзі бойынша тек екі мемлекетте бар шатқалды көруге шетелдік студенттер ерекше қызығушылық танытты.

Таңертең ерте шыққан студенттер Шарын шатқалын екі-үш сағаттай аралап, суретке түсіп, сол жерде дайындап алған астарымен түстеніп, ойын ойнап, түс ауа Алматы қаласына қайтты.

Жапон студенттері еліміздің табиғатынан ерекше сезімде болып, бұл жерді басқа да жыл мезгілдерінде келіп көргілері келгенін жеткізді. Жол бойы Қазақстанның жерінің кеңдігіне, табиғатының әдемілігіне тамсанып келді.