Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек, соның бірі мамандық таңдау

18 сәуір, 2023

      Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек, соның бірі мамандық таңдау. Мен Аягөз қаласының тумасымын. 2016 жылы мектеп бітіріп ХАТУ-ға оқуға түстім. Мені әрқашан шет елдердің тарихы, мәдениеті мен дәстүрлері, адамдары мен әлем халықтарының мифологиясы қызықтыратын, сондықтан ары қарайғы өмірімді шет елдермен байланыстырғым келді. Солайша оқу барысында елші болу арманы пайда болды. 2020 жылы ХАТУ-дағы оқуымды тәмамдағаннан кейін аудармашы мамандығына түскім келді. Барлық оқу орындарын зерттеп, таңдауым еліміздегі ең үздік оқу орыны болып саналатын ҚазҰУ-ға түсті. Бірақ алдымнан күтпеген сынақ пайда болды. Екінші рет жоғарғы оқу дәрежесіне түсу үшін, группада кем дегенде 5 студент жиналу керек болды, бірақ биылғы оқу жылына ешкім өтініш бермепті. Алайда оқуға деген ынтамды көрген ҚазҰУ-нің оқу орталығы мен Шығыстану факультетінің ұстаздары бетімнен қақпай жалғыз өзіме группа ашты. Осылайша мен ҚазҰУ-не студентке өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік бергені үшін шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Сонымен қатар Шығыстану факультетінің оқытушылар құрамына, олардың шыдамды еңбегі мен маңызды білім мен дағдыларды игеруге көмектескені үшін рахмет айтамын. Олардың әр студенттің дамуына қосқан баға жетпес үлесі мақтауға және ризашылыққа лайық. Мен сіздерге студенттермен тіл табысып, олардың оқуға деген қызығушылықтарын арттырып, шыдамдылық танытып, әр уақытта біздерді тыңдай білгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін! Университетте өткізген уақытымыз біздің өміріміздегі жарқын беттердің бірі болып қала береді. Университетте алған құнды тәжірибе біз үшін болашақта тірек болары сөзсіз. Біз ең қызықты мамандықтардың бірін игердік және қазір қоғамның өркендеуі мен дамуына өз үлесімізді қосуға дайынбыз.

         Талапкерлер, біздің алған біліміміз еліміздің болашағы! Әрқайсыңыз осы керемет, алаңсыз және кейде қиын студенттік жылдарды есте сақтаңыз. Мен сіздерге сәттілік, күш-қуат, шабыт, жарқын әсер, жеңіл емтихандар мен қызықты оқиғалар тілеймін. Студенттік жылдар оңай, алаңсыз өтіп, өмір бойыға жағымды естеліктер қалдырсын. Біз Жаңа Қазақстанның болашағымыз, шет елдіктерге өз Отанымызды жан-жақты таныта білу де өз қолымызда, тек аянбай еңбек етейік!

Рифхатова Сәуле Рифхатқызы

Аударма ісі 3 курс