Mitsubishi Corporation өкілдігінің басшысымен кездесу
Қиыр Шығыс кафедрасы жапонтану бөлімінде Қазақстандағы «Мицубиши Корпорейшн» өкілдігінің басшысы Тацуя Казама мырзамен кездесу өтті.
Казама мырза Мицубиши корпорациясы жайлы, компанияның әлемдегі, Орталық Азия мен Қазақстандағы жұмыс бағыты жайлы, Қазақстан мен Жапония арасындағы экономикалық байланыстардың қазіргісі мен болашағы жайлы қазақ және жапон тілдерінде дәріс оқып, артынан студенттердің түрлі сұрақтарына жауап берді. «Екі ел арасындағы байланыстардың дамуына нақ сіздер сеп бола аласыздар. Сіздердің болашақтарыңыз да, мүмкіндіктеріңіз де зор»,- деп студенттерге жігер сыйлай сөйлеген қонақ жапонтану бөліміне 30-ға жуық манга кітапшасын тарту етті.
Бизнес саласындағы жапон азаматының қазақ тілін меңгеріп, қазақ тілінде дәріс оқығаны, әсіресе, қазақ тілінде жетік сөйлейтін бөлім оқытушысы, Цукуба университетінен арнайы шақырылған профессор Такаши Ниномия екеуінің өзара қазақ тілінде тілдескені студенттерге өзгеше бір әсер қалдырғаны анық.
Мицубиши корпорациясы жапонтану бөлімінің үздік студентіне 2012 жылдан бері арнайы шәкіртақы тағайындап келеді. Бұған дейін шәкіртақыны бөлімнің 10 студенті иеленген. Аталмыш шәкіртақының биылғы оқу жылындағы иегері, «шығыстану» мамандығының 3 курс студенті Алпысбай Динара Жапонияның Осака университетіне 6 айлық оқуға барып, жақында ғана елге оралған болатын. Казама мырзаның лекциясынан кейін сөз алған Динара Жапониядағы оқуы жайлы әңгімелеп, қаржылай қолдау көрсеткен Мицубиши корпорациясына үлкен алғысын жеткізді.
Бұдан кейін Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі Ш.Т.Сауданбекова мен жапонтану бөлімінің халықаралық байланыстарына жауапты оқытушы С.К.Боранқұлова сөз сөйлеп, Казама мырзаға факультеттің «Алғыс хатын», сондай-ақ жапонтану бөлімі атынан қазақы нақыштағы кәдесый табыстады.
Кездесу соңында 1 курс студенттері құрметті қонаққа деген ілтипатын жапонша ән арқылы білдірді. Кездесудің тартымды өткені сонша, студенттер Казама мырзаны қаумалап, біразға дейін тарамай қойды.