Механика-математика факультетінің студенті «Үздік математик» атанды
Сыр өңірінде Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, математик, профессор Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктер арасындағы халықаралық байқау өтті.
Жас математиктер арасындағы білім додасына еліміздің барлық аймақтары мен көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен 18 бен 28 жас аралығындағы жас математиктер қатысты. Байқауға 1700-ден аса үміткер өтінім беріп, ең мықты деп іріктеліп алынған 100 қатысушы байқауда бақ сынасты.
Мамыр айының 17 жұлдызында жас математик мұғалімдердің кәсіби шеберлігін дамытуға, студенттер мен оқушылардың білім деңгейін арттыруға арналған «Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктер арасындағы халықаралық байқау» өз мәресіне жетіп, байқау қорытындысы жарияланды.
Байқау қорытындысы бойынша, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, механика-математика факультетінің 2-курс студенті Жолдасов Қуаныш Серікұлы І орын иеленіп, арнайы дипломмен, «Үздік математик» номинациясымен және 1 миллион теңге сыйлық сертификатымен марапатталды.