ҚазҰУ-да Қоғамдық-консультативтік кеңес құрылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қоғамдық-консультативтік кеңес құрылып, алғашқы отырысын өткізді.
Мұндағы мақсат – университет өміріндегі өзекті мәселелер бойынша консультативтік, ақпараттық және әдістемелік көмек көрсету. Сондай-ақ оқу орнының негізгі даму бағыттары мен әлеуметтік инфрақұрылымы бойынша ұсыныстар әзірлеп, Ғылыми кеңес талқысына енгізу.
Қоғамдық-консультативтік кеңес құрамына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері шақырылған. Атап айтсақ, Қазақстан Жоғарғы сотының экс-төрағасы, заң ғылымының докторы Мұсабек Әлімбеков, әділет генерал-майоры Мұхтар Жөргенбаев, медицина ғылымының докторы, профессор Мырзакәрім Алшынбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің экс-төрағасы Алик Шпекбаев, ҚР Президенті іс басқармасының бұрынғы орынбасары Әнуарбек Арғынғазин, суретші, қоғам қайраткері Ерболат Төлепбай, Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталов, Ректор кеңесшісі, профессор Еркін Дүйсенов және ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаевтар бар.
Отырыс барысында Ректор кеңесшісі Еркін Дүйсенов қатысушыларды Қоғамдық-консультативтік кеңес ережесімен таныстырып, міндеттерін атап өтті. Сондай-ақ университет жетістіктерімен бөлісіп, кампусты дамытудың 2025 жылға дейінгі жұмыс жоспары әзірленіп, бекітілгенін жеткізді.
«Келесі жылы университет 90 жылдық мерейтойын атап өтеді. ҚазҰУ қалашығының екінші кезеңін салуға байланысты бірқатар күрделі жұмыстар мен шешімдер күтіп тұр. Шетелдік қонақтар мен отандық ғалымдардың қатысуымен кешенді іс-шаралар жоспарланған. Мерейтойды лайықты қарсы алып, ауқымды жобаларды іске асыру үшін ақыл-кеңестеріңіз бен кәсіби тәжірибелеріңіз ауадай қажет. Сондықтан әртүрлі әлеуметтік мәселелерді Қоғамдық-консультативтік кеңес мүшелерімен талқылап, ортақ шешім қабылдайтын боламыз», – деп атап өтті Е.Дүйсенов.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі