Қарттар күні мерекесіндегі құттықтау сөзі

30 september, 2022

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Ж.Қ.Түймебаевтың Қарттар күні мерекесіндегі құттықтау сөзі

 

Құрметті университетіміздің ардагерлері!

Сіздерді 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен және Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Білім және ғылым» атты конференцияда сөйлеген сөзінде:

 «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез», – деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға.

Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. 

Сіздердің арқаларыңызда тұтас бір буынның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады», – деген болатын.

Сондықтан біз «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген қағидаға берік сүйенеміз.

Қазақ «Қарты бар ел – қазыналы ел» деп қашанда үлкенді құрметтеп, қариясын қадірлеген халық. 

Сіздер көпті көрген тірі шежіресіздер және біз үшін даналықтың қайнар көзісіздер.

Біз сіздердің өнегелі еңбектеріңіз бен жетістіктеріңізді, барлық ізгі қасиеттеріңізді ерекше үлгі тұтамыз.

Сіздер ұлт руханиятының аса бір маңызды саласы – білім мен ғылымның өркен жаюына өлшеусіз үлес қосып жүрген ел ардақтыларысыздар.

Бүгінде университет жанындағы Ардагерлер кеңесінің тұрақты жұмыс істеп тұруы  – сіздердің ұжымға, білім алушы жастарға деген қамқорлықтарыңыздың белгісі.

Осы университетке ректор болып тағайындалған күні ең алғашқы жұмысым Ақсақалдар алқасымен кездесуден бастау алған еді.

Сол уақыттан бері өздеріңіз байқап жүргендей, біраз нәтижелерге қол жеткізіп келеміз.

Қазіргі ҚазҰУ әлемдік рейтингтерде көшбасшы оқу орындарының қатарында.

Биыл  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS WUR әлемдік рейтингінде 150-орынға көтерілді.

Жақында Үкімет қаулысымен ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді.

Бұл көшбасшы университетіміз үшін биік дәреже әрі үлкен жауапкершілік.

1 маусым күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев университетімізге арнайы келді.

Мен Мемлекет басшысына ҚазҰУ қалашығын жаңғыртудың ІІ кезеңінің жоба-жоспарын таныстырдым.

Президент ерекше қолдау білдірді.

Мемлекет басшысының қолдауымен биыл Түркияның Ыстамбұл қаласында және Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалдары ашылды.

Қыркүйек айының басында ҚазҰУ-да  ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университеті өз жұмысын бастады.

Біз өздеріңіздей ардагер оқытушы-ғалымдарымыздың аудиториядағы дәрістерін барлық студенттер танысу үшін әрі  мұрағатта қалдыру үшін «ҚазҰУ ғалымдарының лекциялары», «Лекции ученых КазНУ» деген тақырыппен арнайы бейнетаспаға жазып,  «Фараби Медиа» ютуб каналымызға жүктеп отырмыз.

Университет газеті мен әлеуметтік желілерінде ардагер ғалымдарымызға көбірек орын беріп келеміз.

  Бұған қоса, қазақ-орыс тілдерінде ҚазҰУ-дың эксперт-ғалымдарының қатысуымен «Ойталқы», «Мозговой штурм» бағдарламалары түсірілуде.

Сонымен қатар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері мен білікті ғалымдардың әр сала бойынша жоғары деңгейдегі көшбасшылық дәрістерін дәстүрге айналдырдық.

Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін университетімізде Түркияның экс-президенті Абулла Гүл, Қырғыз Республикасының тұңғыш президенті, академик Асқар Ақаев біздің арнайы шақыртуымызбен келіп, көшбасшылық дәріс оқыды.

Университетімізде студенттердің білім алуына барлық жағдайды жасап отырмыз.

Барлық бірінші курс студенттері жатақханаларға, хостелдер мен арнайы қонақүйлерге орналастырылды.

Өткен жылдан бері жатақханалар мен оқу корпустары күрделі жөндеуден өтті.

Қазір Ректорат ғимаратын ретке келтірудеміз.

Студенттер игілігі үшін жаңадан заманауи дәмханалар, ғаламтор-кафелер, дүкендер,  кофеханалар мен көшірме орталықтары арнайы іске қосылды.

Қазір ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңінің жоспарымен сіздерді таныстырғым келеді.

Ескертпе-ұсыныстарыңызды тыңдауға да дайынмын.

 

Құрметті университетіміздің ардагерлері!

Осы жұмыстарды атқару үшін сіздердің қолдауларыңыз өте маңызды.

Ортамызда отырған Мансұров Зұлхайыр Айтмұхамедұлы, Жұбанова Ажар Ахметқызы, Елеуов Мадияр Елеуұлы, Жұмағұлов Қалқаман Тұрсынұлы, Шеденов Өтеғали Қадырғалиұлы, Қозыбаев Сағымбай Қабашұлы, Омашев Намазалы Омашұлы, Дандай Ысқақұлы, Қожамқұлов Төлеген Әбдісағиұлы, Сүлейменова Элеонора Дүйсенқызы, Ғабитов Тұрсын Хафизұлы, Алтаев Жақып Алтайұлы және басқа азаматтардың университетке сіңірген еңбегін ерекше атап өткім келеді.  

Біз сіздерге әрдайым арқа сүйейміз.

Сіздермен мақтанамыз!

Мерекелеріңіз құтты болсын!