Әбсаттар Дербісәлінің 75 жылдығына арналған конференциядағы сөзі

2 december, 2022

Құрметті қонақтар, конференция қатысушылары!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білім-ғылым саласының дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер тұлғаларын ерекше мақтан етеді.

Біз бүгін мақтаулы тұлғаларымыздың бірі, ұлт руханиятын көтеруге абыройлы қызмет атқарған академик Әбсаттар Дербісәлінің 75 жылдығына арналған халықаралық конференцияда бас қосып отырмыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев академик Әбсаттар Дербісәлі туралы:

«Әбсаттар Бағысбайұлы еліміз үшін еселі еңбек етті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен басталған ұстаздық жолы жемісті болды.

Арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі ретінде ғылымға терең бойлап, монографиялар мен құнды еңбектер жазды.

Еліміздің сыртқы саясаты саласында жемісті қызмет атқарды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти болған тұсында ислам дінінің құндылықтарын дәріптеуге, сондай-ақ конфессияаралық және ұлтаралық келісімнің нығая түсуіне қомақты үлес қосты.

Халқымыз көрнекті Әбсаттар Бағысбайұлының есімін әрдайым ардақ тұтады», – деп атап өткен болатын.

Әбсаттар Бағысбайұлы артына бай ғылыми мұра қалдырып, шығыстану, дінтану саласында өзіндік дара жолын қалыптастырды.

ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор, дипломат, мемлекет,  қоғам және дін қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді.

Ғалымның діни қайраткерлігі мен ғылыми еңбектері елімізбен қатар, ислам әлемінде жоғары бағаланып, мойындалды.

Әбсаттар Бағысбайұлының оқу-ағартушылық қызметі  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланысты.

Университетімізде араб бөлімі мен Шығыс тілдері кафедрасын және шығыстану факультетін ұйымдастырып, оның тұңғыш меңгерушісі және деканы болды.

Тілдер және халықаралық қатынастар бойынша проректор қызметін атқарды.

Академик Әбсаттар Дербісәлі университетімізге Әбу Насыр әл-Фарабидің атын беру жолында көп еңбек сіңірді.

Арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылым докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі атанды. 

13 жыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – бас мүфтиі, Қазақстан және Орталық Азия мүфтилері кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарды.

Әбу Насыр әл-Фараби бастаған ғұламалардың еңбектері жөнінде «Отырарлық ғұламалар» тақырыбында арнайы  дәріс оқып, бірнеше шеберлік сабақтарын өткізді.

Биылғы мамыр айында ҚазҰУ Шығыстану институтымен бірлесіп академик Әбсаттар Дербісәлінің артында қалған кейінгі еңбектері жинақталған «Ұлы даланың ұмыт қалған ойшылдары» атты кітабының тұсаукесерін өткіздік.

Қазіргі уақытта ұстаз-ғалымның еңбектері ізбасар шәкірттері мен жас ғалымдардың зерттеулеріне арқау болуда.

Бүгін ғалымның мерейтойына орай, Әл-Фараби кітапханасында академик Әбсаттар Дербісәлі атындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қорын аштық.

Сондай-ақ шығыстану факультетінде арнайы дәрісхана пайдалануға беріледі.

Еліміздің рухани өмірінде, университет тарихында айрықша орны бар тұлғаларымыздың есімі мәңгі ұмытылмайды.