Т.Кәкішев тұрған үйде ескерткіш тақта ашылу рәсіміндегі сөзі

9 november, 2022

Құрметті зиялы қауым!

Қазақтың көрнекті әдебиеттанушы ғалымы, өнегелі ұстаз, қоғам қайраткері Тұрсынбек Кәкішевтің тұрған үйінде ескерткіш тақтаның ашылуы ғалымның рухына жасалған ерекше құрмет.

Профессор Тұрсынбек Кәкішұлы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі.

Бүгінде тіл білімі мен әдебиеттану саласында еңбек етіп жүрген көптеген ғалымдардың тәлімгері, біздің қадірлі ұстазымыз.

Тұрсынбек Кәкішевтің еңбектері қазақ ғылымына ғана емес, тұтас түркі әлеміне ортақ рухани қазына.

Ғалымның 95 жылдық мерейтойы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойымен қатар келуде.

Тұрсынбек Кәкішев кешегі Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш қайраткерлерінің, ағартушы қазақ интеллигенциясының заңды ізбасары болды.

Ғалымның ғылыми-педагогикалық еңбек жолы толықтай қара шаңырақ ҚазҰУ-мен байланысты.

Филология факультетінде Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны кафедрасының меңгерушісі, профессор болып абыройлы қызмет атқарды.

Қазақ тілі мен әдебиетін терең зерттеп, ұлы Абай мұрасы мен Ахмет Байтұрсынов, Мағжан, Сәкен, Ілияс, Бейімбет мұралары туралы іргелі еңбектер жазды.

Мазмұнды монографиялар, оқу-әдістемелік құралдар мен оқулықтар шығарды.

Университет дамуына елеулі үлес қосып, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырып, білікті шәкірттер тәрбиеледі.

Қайраткер  ғалымның ұстаздық ұстанымы, ғылыми еңбек жолы бүгінгі жас оқытушылар мен студенттерге үлгі-өнеге.

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен орнатылған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына Тұрсынбек Кәкішевтің шәкірттері, ғалымдар, қаламгерлер, отбасы мүшелері мен туыстары қатысуда.

Бұл Тұрсынбек Кәкішев тұлғасына ғана емес, қазақ әдебиеттану ғылымына көрсетілген ерекше құрмет.

Ғалымның ғибратты ғұмыры шәкірттері барда, өзі негізін қалаған ғылыми мектебі барда ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгі жасай бермек.