Академик К.Ә.Сағадиев аудиториясының ашылуындағы сөзі

20 february, 2023

Қадірлі қонақтар!

Құрметті Нағытай Әбітайқызы!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!

Бүгін арнайы ашылып отырған аудиторияға  мемлекет және ғылым қайраткері, академик Кенжеғали Сағадиевтің есімі беріліп отыр.

Биыл туғанына 85 жыл толып отырған көрнекті ұстаз-ғалым Кенжеғали Әбенұлы – біздің университеттің түлегі.

Қазақ мемлекеттік университетін 1960 жылы бітіріп, еңбек жолын ассистент, аға оқытушы ретінде бастады.

Экономика факультетінде жемісті еңбек етіп, алғашқы іргелі зерттеулерін осы оқу орнында жүзеге асырды.

Қара шаңырақ ҚазҰУ-да алған білімін Мәскеу халық шаруашылығы институтының аспирантурасында жалғастырды.

Кейін елге оралып, үлкен ғылым жолына түсті.

Алматы халық шаруашылығы институтында ғылыми-педагогикалық және басшылық қызметтер атқарды.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңінде Целиноград ауыл шаруашылығы институтын басқарды.

Қазақ мемлекеттік экономикалық университетінің ректоры болған тұста білім ордасын академиялық дәрежеге көтерді.

Одан кейінгі жылдары Ұлттық ғылым академиясының,

Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің жаңа тынысын ашты.

Еліміздегі алғашқы бизнес-жоғары оқу орындарының бірі – Халықаралық бизнес университетінің негізін қалап, ректоры болды.

Бүгінде бұл университет халықаралық деңгейде танымал, беделді білім ордасына айналды.

Кенжеғали Әбенұлы – ғылыми-педагогикалық қызметпен қатар, қоғамдық, елдік мәселелерге үн қосқан қайраткер тұлға.

Парламент Мәжілісінің үшінші, төртінші шақырылымында депутат болып, қаржы және бюджет комитетін басқарды.

Академик Кенжеғали Сағадиев экономика саласын терең зерттеп, монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдарын шығарды.

Жас ғалымдарға қамқор болып, білімді шәкірттер тәрбиелеп, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырды.

Көптеген ғылым кандидаттары мен докторларға жетекшілік жасады.

Еңбектері халықаралық ғылыми қауымдастықта мойындалып, жоғары бағасын алды.

Академик Кенжеғали Сағадиев атындағы жаңа аудитория болашақ экономист мамандарды, іскер менеджерлерді даярлайтын  кәсіби шеберханаға айналары сөзсіз.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебі  – Қазақстандағы жоғары білікті экономистерді даярлайтын көшбасшы орталық.

Жыл сайын экономика және бизнес, менеджмент, маркетинг, қаржы, есеп және аудит саласы бойынша 500-ден астам бакалавр, магистр және PhD докторлары бітіріп шығады.

Олардың арасында Үкіметте, мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда, бизнес-құрылымдарда қызмет атқарып жүрген түлектеріміз бар.

Жаңашыл реформатор, білікті ректор Кенжеғали Әбенұлының ҚазҰУ-дан басталған ғылыми, қайраткерлік жолы кейінгі буын арқылы жүйелі жалғаса беретініне сенімдімін.