Ректор Ж.Қ.Түймебаевтың К.Шәмшидиновамен кездесуіндегі сөзі

23 february, 2023

Құрметті Күләш Ноғатайқызы!

Құрметті әріптестер!

Бүгін біздің қадірлі қонағымыз  – мемлекет және қоғам қайраткері, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова.

Сізді өзіңіз білім алған қара шаңырақ – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қарсы алып отырғаныма қуаныштымын.

Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова біздің университетіміздің химия факультетінің түлегі.

Еңбек жолын Алматы облысында химия пәнінің мұғалімі болып бастаған.

Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, комсомол, партия ұйымдарында нұсқаушы болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері білім саласында жауапты қызметтер атқарып келеді.

Талдықорған облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтын басқарды.

Талдықорған қаласындағы орта мектеп директоры болды.

Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Іскер ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде  ҚР Білім және ғылым вице-министрі  болды.

 «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім және сауықтыру орталығын басқарды.

2009 жылдан 2019 жылға дейін «Назарбаев зияткерлік мектептері» ұйымының басқарма төрайымы болып еңбек етті.

2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрі лауазымына тағайындалды.

Қандай қызмет атқарса да, білікті маман ретінде еліміздегі білім, ғылым саласындағы реформаларға атсалысты.

Бүгінде  «Назарбаев зияткерлік мектептері» ұйымының басқарма төрайымы қызметін абыроймен атқарып келеді.

Күләш Ноғатайқызының басшылығымен Ұлыбритания және Сингапур елдерінің білім беру саласындағы озық тәжірибелері зерттелді.

Соның негізінде елімізде зияткерлік мектептердің жаңа білім беру бағдарламалары әзірленіп, қолданысқа енгізілді.

Білікті педагог-ғалым ретінде білімді шәкірттер тәрбиелеп, өзіндік мектеп қалыптастырды.

Нәтижелі еңбектерінің арқасында Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері атанды.

Күләш Ноғатайқызының мектебінен өткен мамандар Қазақстанмен қатар, шетелдерде абыройлы қызмет атқарып жүр.

 

 

Құрметті Күләш Ноғатайқызы!

Сізді университет ұжымы мен өз атымнан мерейлі 65 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Университет өзіңіздей қайраткер түлектерін мақтан етеді.

Ғылыми кеңестің шешімімен сізге «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрметті профессоры» атағын беру туралы шешім қабылданды.

Әріптестеріңіз бен шәкірттеріңіздің алдында құрметке бөленіп, мәртебеңіз биіктей берсін!