Әділет генерал-майоры Мұхтар Әкебайұлы Жөргенбаевтың көшбасшылық дәрісіндегі сөйлеген сөзі

20 october, 2022

Құрметті  оқытушы-профессорлар, білім алушы жастар!

Бүгін біздің университетімізде ерекше кездесу.

ҚазҰУ-дың бүгінгі мәртебелі қонағы – әділет генерал-майоры, ҚР прокуратурасының құрметті қызметкері, заңгер Мұхтар Әкебайұлы Жөргенбаев.

Университетімізде қазақстандық және шетелдік көрнекті тұлғалар мен танымал ғалымдардың көшбасшылық дәрістері тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Мұндай кездесулердің мән-маңызы ерекше.

Дәріс біздің оқытушылар мен студенттердің дүниетанымының кеңеюіне, маман ретінде өмірлік тәжірибе жинақтауына кәсіби тұрғыда өте үлкен ықпал етеді.

Сондықтан көшбасшылық дәріске университетіміз айрықша жауапкершілікпен дайындалады.

Өткен жылы Түркия Республикасының 11-ші президенті Абдулла Гүл, Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев бастаған мемлекет және қоғам қайраткерлері, елші-дипломаттар, шетелдік ғалым-профессорлар тәжірибелерімен бөлісті.

Олардың қатарында белгілі математик-ғалым, ҚазҰУ-дың және АҚШ-тың Уэйн университетінің профессоры Уалбай Өмірбаев, Орегон университетінің профессоры Шухрат Миталипов, ардагер дипломат Қанат Саудабаев, Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталов, елші-дипломаттар Берлин Иришев, Қайрат Әбусейітов, Дулат Қуанышев, мемлекет қайраткері, экономика ғылымының докторы Гүлжан Қарағұсова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, мемлекет қайраткері, төтенше және өкілетті елші Нұрлан Ермекбаев,  ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов және тағы басқалар бар.

 

ҚҰРМЕТТІ КЕЗДЕСУГЕ ҚАТЫСУШЫЛАР!

Мұхтар Әкебайұлының өмір жолына тоқталып, қызмет баспалдақтарымен таныстыра кетейін.

1981 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген.

1981 жылдан прокуратура органдарында қызмет атқарып келеді.

 Прокурордың көмекшісі, аға тергеуші, аса маңызды істер бойынша тергеуші, прокурордың орынбасары сияқты сан қырлы сатылардан өтіп, тәжірибе жинақтады.

Атырау қаласының прокуроры, Алматы облысы Талғар ауданының прокуроры, Алматы облысы прокурорының 1-орынбасары, Атырау облысының прокуроры, Түркістан облысының прокуроры сияқты міндеттерді мінсіз атқарды.

Бүгінгі таңда ҚР прокуратурасының құрметті қызметкері. Райымбек ауданының құрметті азаматы.

Мұхтар Әкебайұлының құқық қорғау органы саласындағы мол тәжірибесі, кәсіби біліктілігі біздің жастарымызға зор үлгі болары сөзсіз.