ҚазҰУ Ғылым қорымен серіктестік орнатады

7 маусым, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Әбділда Шәменовпен кездесті. Жүздесуде екіжақты ынтымақтастық бағытындағы ұсыныстар талқыланды.

Ректор Ғылым қоры басшысына университет жетістіктері мен жоспарлары туралы айтып, ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген инновациялық жобалармен таныстырды. Сондай-ақ өз сөзінде ректор алдағы уақытта ҚазҰУ мен Ғылым қоры серіктес ретінде бірлесіп жұмыс атқару қажет екенін айтты.

«Біздің университет өзінің ғылыми және білім беру қызметін табысты жалғастыруда. Тек ұлттық ауқымда ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде зияткерлік әлеуетін көрсетуде. Бүгінде университет ғалымдары әзірлеген 100 инновациялық жоба бар. Қазіргі таңда ғылыми жобаларды ілгерілету және коммерцияландыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. ҚазҰУ қалашығында Samsung, Hewlett-Packard, Cisco, Коnіса Minolta, Fujitsu, Alcatel, Microsoft, «Касперский зертханасы», Huawei және т.б. жоғары технологиялық компаниялардың сертификаттау орталықтары, институттары табысты жұмыс істейді. Сонымен қатар оқу ордасында жас ғалымдар әзірлеген студенттік стартаптар бар. Біз университеттік ғылымды бірлесіп дамытуымыз керек», – деп атап өтті ректор.

Өз кезегінде «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Әбділда Шәменов ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуеті жоғары екенін айтып, серіктестік орнату бойынша барлық бастамаларды қолдайтынын жеткізді.

Кездесу соңында тараптар бастамаларды бірлесіп жоспарлы түрде іске асыруға уағдаласты.