«Қазақстан халқына» қоры ҚазҰУ-ға 10 грант бөлді
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қайырымдылық бағдарламасы аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унверситетінің бакалавриат бағдарламалары бойынша білім алатын жастарға 10 білім грантын бөлді.
2022-2023 оқу жылынан бастап іске асырылып келе жатқан «Қазақстан халқына» ҚҚ Білім беру гранттары» бағдарламасының мақсаты жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру арқылы ауыл мектептерінің түлектері мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жастарды қолдау болып табылады. Сонымен қатар бағдарлама 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасының азаматтарының балалары мен жарақат алған жастарды қолдауға бағытталған.
Биыл аталған бағдарлама жаңартылды, бағдарламаға қатысушы талапкерлердің санаттары кеңейтілді. Бірінші кезекте бұл гранттарды ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылардың балалары, жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар азаматтар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасының балалары алады. Сондай-ақ 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасы азаматтарының балалары және 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде жараланған балалар да осы грантты алуға құжат тапсыра алады.
Бағдарламаға қатысудың шекті жасы толық 29 жасты құрайды. Екінші жоғары білім алуға білім беру грантын алуға жол берілмейді.
Білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін құжаттар Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиялары арқылы қабылданады. Үміткерлер ЖЖОКБҰ қабылдау комиссиясына 2023 жылдың 10-17 тамыз аралығында өтініш бере алады.
Грант бакалавриат бағдарламалары бойынша оқудың барлық кезеңін қамтиды.
Білім беру грантының иегерлеріне оқу жылына 1 миллион теңгеге дейін оқу ақысы төленеді, егер студенттің жылдық оқу құны осы сомадан жоғары болса, онда айырмашылықты студенттің өзі төлейді. Бүкіл оқу мерзімі ішінде 40 000 теңге мөлшерінде ай сайынғы шәкіртақы төленеді. Шәкіртақы жазғы демалыс кезеңін қоспағанда, 10 ай ішінде (жыл сайын) төленеді.
Бағдарламаны іске асырудың тәртібі мен шарттары туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабылдау комиссиясынан немесе қор сайтынан толығырақ білуге болады:
https://qazaqstanhalqyna.kz/ru/programs/17-charity-ru/190-qazaqstan_halqyna_grant_program.html
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі