ТДМ-4: «Ұйым fest» студенттік ұйымдар жәрмеңкесі

9 қыркүйек, 2023

Қыркүйектің 8 күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1-курс студенттеріне арналған «Ұйым fest» атты ұйымдар жәрмеңкесі өтті. Шара биыл қабылданған 1 курс студенттерінің белсенді жастарымен танысу, жақын араласу және дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатында ұйымдастырылды.

Университетте қазіргі таңда    Жастар ұйымдары комитетінің құрамында «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы, СББП (Балон үдерісі бойынша студенттік бюро), Құқықтық тәртіп сақтау жасағы, Студенттердің ғылыми қоғамы, Еріктілер лигасы, Жоғары студенттер кеңесі, «Enactus» ұйымы, «Алтын сапа» интелектуалды пікірсайыс клубы, Көмек қоғамдық қоры, «Sanaly Urpaq» студенттік клубы, «Жастар рухы» ұйымы, Студенттер Сенаты ұйымдары  бар. Шара барысында барлық ұйымдар өздерінің атқарып жатқан істері мен миссияларын таныстырды. Жаңа оқу жылда атқаратын шаралар жоспары бойынша ой бөлісіп, пікір алмасты.

Ұйымдар тұрақты даму факторлары бойынша жыл бойы іс-шаралар өткізетінін айтып өтті. Олар экологиялық, әлеуметтік мәселелерге баса назар аудармақшы. Мәселен «ҚазҰУ Green campus» жобасының кейбір механизмдерін дамытуды көздеп отыр. Бұл туралы әлеуметтік жұмыс және жастар ісі жөніндегі департамент директоры Ж.Дәпенова: «Әлеуметтік даму бағыттары бойынша студенттердің әл-ауқаты, жағдайы үнемі назарда болатынын, кез-келген туындаған мәселелер бойынша ұйым басшылығына хабарласуға болатынын айтты». Сонымен қатар, әлеуметтік-материалдық көмектер бойынша «Көмек» ұйымының жобаларымен танысуға шақырды. 

Іс-шара соңы көңілді би кешімен жалғасты. Студенттер бір-бірімен етене танысып, ұйымдардың бірлігі нығая түсті.