Бүгін Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл – ұлттың жаны» атты Асылы Османның көшбасшылық дәрісі өтті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат орденінің» және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері, «Ұлтым бөлек болғанмен, жаным – қазақ», «Менің бар қазынам – қазақ тілі» деп жүрген Осман Асылы Әлиқызының дәрісіне журналистика, филология, тарих факультетінің студенттері, аға эдвайзерлері қатысты.
Шара Әлеуметтік жұмыс және жастар ісі департаментінің директоры Ж.Д. Есімованың алғы сөзімен ашылды. Ол Асылы Әлиқызын жаңадан бірінші курсқа түскен және шетелдік студенттер үшін қысқаша таныстырып өтті.
«Асылы Әлиқызы ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор. Тіл білімі институтында, Тіл комитетінде қызмет еткен. Сонымен қатар, он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» құрастырушылардың бірі, қазақ тілінің дамына сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүрген патриот адам ретінде зор құрметпен қарайтынын айтты».
Елім деп елжіреп, тілім деп жүрегі қарс айырылардай шырылдап жүретін қамқор жаның дәрісі жастарға өнеге бергені анық.