Республика күні Ұлттық мерекесіндегі құттықтау сөзі

26 october, 2023

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, қызметкерлері және студенттері!

 

Сіздерді Республика күні – Ұлттық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл күнге Ұлттық мәртебе берді.

Осыдан 33 жыл бұрын – 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен «Егемендік туралы» Декларация қабылданды.

Бұл ­Қазақстан Тәуелсіздігінің алғышарты болған тарихи құжат.

Бүгінде елімізде Жаңа, Әділетті Қазақстан қалыптастыруда маңызды қадамдар жасалуда.

Ел Президенті «Адам – мемлекет үшін емес, мемлекеттің игілігі – адам үшін» қағидасын енгізді.

Еліміз ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, жаңа бағытқа бет бұрды.

Саяси-экономикалық, құқықтық, әлеуметтік реформаларды іске асырды.

Білім, ғылым саласы жаңа талаптарға бейімделуде.

Бұл бағытта университеттік білімге, оқытушы-ғалымдарға үлкен жауапкершілік артылуда.

Бүгін, елімізде тағы бір елеулі мереке –  Кітапханашылар күні.

Бұл атаулы күн өткен жылы Қазақстан Үкіметінің Қаулысымен арнайы бекітілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кі­тапханасыз адамның ойда­ғы­дай дамуы мүмкін емес.

Бү­кіл әлемдегі кітапханалар – бі­лім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікір­лер­дің мекені» – деп атап өткен болатын.

Кітапханашылар күні осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың ғана емес,  баспагерлердің, қаламгерлер мен ғалымдардың, жалпы оқырманның мерекесі.

Бүгінде университетімізде Әл-Фараби кітапханасы табысты жұмыс істеп келеді.

1934 жылы оқу орнымен бірге құрылған кітапханамыз қазіргі уақытта еліміздегі ірі университеттік ғылыми кітапханаға айналды.

Кітапханамызда 2,5 миллионнан астам басылым қоры бар.

Түркі әлемінің ұлы ойшылы Әлішер Науаи
«Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» деген.

Қазақтың қабырғалы қаламгері Әбіш Кекілбаев  «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» – деп тұжырым жасаған.

Білімді қоғам қалыптастыру жолында елеулі қызмет атқарып жүрген кітапханашылардың еңбегі жемісті болсын.

Біздің мақсатымыз­­ –­ ­Жаңа Қазақстанның білімді, әділетті, еңбекқор жастарын тәрбиелеу.

Ел болашағына қызмет ететін бәсекеге қабілетті маман дайындау.

Бүгінгі күні ҚазҰУ QS рейтингінде әлемнің ең үздік 250 университетінің қатарына кіреді.

2022 жылы Үкімет қаулысымен ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді. 

Мемлекет басшысының қолдауымен университет Ыстамбұл және Бішкек қалаларында өз филиалдарын ашты.

ҚазҰУ-да «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің (Мәскеу инженерлік-физикалық институты) филиалы жұмыс істейді.

Жақында ғана  Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды.

Университетіміз 1991 жылдан бері Әл-Фараби есімімен аталады.

Жақында, Мемлекет басшысының Қытайға жасаған ресми сапары аясында Пекинде Әл-Фарабиге ескерткіш ашылды.

Қытайдың бірқатар ірі университеттерімен әріптестік орнаттық.

ҚазҰУ-да 25 мыңға жуық студент бар, оның 2,5 мыңға жуығы әлемнің 50 елінен келген шетелдік студенттер.

Оқу орнында жетістіктер көп, алда үлкен мақсаттарымыз бар.

Университетіміз келесі жылы 90 жылдық мерейтойын атап өтеді.

Мерейтойға арнайы Жол картасы жасалып, бірқатар маңызды іс-шаралар жоспарланды.

Көшбасшы университетіміздің мерейтойын барлығымыз бірлесіп абыроймен атқаратынымызға сенемін.

Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, білім, ғылым жолында мол табыстар тілеймін!

Халқымыздың еңсесі биік, еліміздің іргесі бүтін болсын!