Акция сатып алып, биржаға қатыс!

30 қазан, 2023

2023 жылы 11 қазанда сағат 900-де «Қаржы және есеп» кафедрасының доценті Керімбек Ғалымжан Есқараұлының  жетекшілігімен «Қаржы» білім беру бағдарламасы бойынша 4-курс білім алушыларының k-2 тобы «Биржалық іс» пәнінен тәжірибелік сабақ өтті. Қай ғасырда болса да елдің дамуын тұрғылықты халықтың әл-ауқатының деңгейімен бағалайды. Адамның әл-ауқатының жоғары деңгейі туралы айтқанда есімізге, әрине, экономикасы қарыштап дамыған, халқының табыс деңгейі жоғары ел елестейді. Елдің әл-ауқатының жақсаруы үшін халық сапалы біліммен қамтамасыз етілуі тиіс. Тұрақты дамудың 4-ші мақсаты «Сапалы білім беру». Осы бағытта Әл-Фараби университетінің ғалымдары да өзіндік үлес қосып келеді.

 Сабақтың мақсаты – тақырыпты білім алушыға әр түрлі ойын, тапсырма арқылы түсіндірумен қатар, өткенге шолу жасау және білім алушының алғырлығы мен зеректігін бағалау.

Білім алушыларды «Дилер» және «Брокер» топтарына теңдей бөліп, 2 топты жарыстырдық.

Тапсырмалар 6 турдан тұрды.

1-тур. «Жасырын сөзді тап». Әр топқа әріптермен толтырылған ұяшықтар беріледі. Білім алушылар ұяшықтардың арасынан терминдерді анықтап, оларға анықтама беру қажет. Әр табылған және анықтамасы дұрыс айтылған термин үшін 10 балл беріледі.

2-тур. «Стакандағы сұрақтар». Еденде  ішіне сұрақтар салынған 40 стакан тұрады. Білім алушының көздері байланып, стаканның арасынан өткізіледі. Әр топтан 3 қатысушы шығады. Егер білім алушы стакандарды құлатпай өтсе 50 балл иеленеді. Егер қатысушы стакандарды құлататын болса, ондағы сұрақтарға жауап береді және ең жоғарғы 50 балл білім алушының құлатқан стаканының санына қарай бөлінеді. Мысалы, 3 стакан құлатса 3 сұраққа жауап береді, сәйкесінше әр сұраққа 16,16,18 баллдан иеленеді. Сонымен қатар, стакандарда «+10 балл» немесе «-10 балл» секілді бонустар жасырылған.

3-тур. Тест. 2 топқа 15 сұрақтан тұратын тесттер ұсынылады. Барлық жауабы дұрыс болса, әр топқа 150 балл беріледі.

4-тур. Сәйкестендіру. Пирамида тәрізді фигураны құрап, терминдерді анықтамасымен сәйкестендіреді. Әр дұрыс жауапқа 10 балл.

5-тур. Кейс. Әр топқа жағдаяттық сұрақ және есеп беріледі. Кейстің жауабын айтып талқылайды, есептің шығарылу жолы мен шешімі тексеріледі. Барлығы дұрыс болса әр топқа 100 балл есептелінеді.

6-тур. Сөз табу. Қатысушылар топтарымен ортаға шығады. Топ басшысы терминдер жазылған қима қағаздарды алып, ондағы сөзді топ мүшелеріне жасырады. Сөздерді жасыру кезінде аудармасын және түбірлес сөздерді қолдануға тыйым салынады. Әр топқа 3 минут уақыт беріледі, әр дұрыс табылған терминге 10 балл. Сәйкесінше, қай топ көбірек сөз тапса, көбірек балл иеленеді.

Сайыс соңында екі топта жақсы нәтиже көрсете алды. «Брокер» тобы 780 баллмен жеңіске жетті. «Дилер» тобы 760 балл жинады.