ҚазҰУ студенті Азия чемпионатында күміс жүлде иеленді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Арина Алтухова Чханвон қаласында (Оңтүстік Корея) өтіп жатқан нысана көздеуден XV Азия чемпионатында 2-орын алып, күміс медаль иеленді.
Белгілі спортшы, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Арина Алтухова Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ медицина факультетінің «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша 3-курста оқиды.
Оқ атудан XV Азия чемпионатында Арина «жатып ату» әдісімен 50 метр қашықтықта екінші нәтиже көрсетті.
Арина Алтухова өнер көрсеткен нысана көздеуден Қазақстан ұлттық құрама командасы «жатып ату» әдісі бойынша 50 метр қашықтықта 3-ші орынға тұрақтады.
Жарыс 2023 жылдың 22 қазаны мен 2 қарашасы аралығында Чханвон атқыштар полигонында (Оңтүстік Корея) өтуде.
Бұл 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарының іріктеу турнирі.
Спортшымызды кезекті жетістігімен құттықтаймыз және алдағы Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрінуін тілейміз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі