Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасына кіретін «Тұрақты даму мақсаттары» аясында «Денсаулық және әл-ауқат» бағыты бойынша, 2023 жылдың 3 қараша күні Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті А.К.Ахметбекова және аға оқытушысы А.Б.Жиекбаева әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Шығыстану» білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатқан 2 курс студенттерімен «Дені саудың – жаны сау» атты іс-шара өткізді. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің өз денсаулықтарына жауапты болып, оған залал тигізетін темекі шегу мен нашақорлық тәрізді жаман әдеттерден сақтануға шақыру.
Іс-шара барысында денсаулыққа қатысты сауалнама жүргізіліп, студенттер 20 сұраққа анонимді жауап берді. Бұл жауаптардың нәтижесі саралана келе, студенттер өзара пікір алмасты.
Жапон бөлімінің студенттері дайындаған презентацияда темекідегі улы заттарды көрсетіп, денсаулыққа қандай залал келтіретін көрсетті. Қытай бөлімінің студенттері есірткіге қатысты презентация жасап, оның адам ағзасына және ақыл-ой, пайымына тигізетін зарарларын айқындап берді. Араб бөлімінің студенттері электронды темекілердің адам ағзасына қауіпті екенін дәлелдей отырып, онымен күресуге шақырды.
Қорыта келгенде, шығыстану факультетінің студенттері денсаулық адамның болашағын белгілейтін өте маңызды фактор екенін тұжырымдай келе, темекі, есірткі сияқты аурулардан сақтану қажеттігін көрсетті.
Бұл іс-шараға қатысқан Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісінің орынбасары Ф.Т.Жұмажанова, араб бөлімінің меңгерушісі А.Хаван студенттердің өз пікірлерін ортаға салуда белсенділік танытқандарын атап өтіп, мұндай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.