ҚазҰУ ғалымдары инклюзивті білім беруді дамытуда

3 қараша, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары «Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беру саласындағы ұлттық стратегия ретінде ерекше білім беру қажеттіліктері (TББҚ) бар студенттердің кәсіби өзін-өзі анықтауын қалыптастыру» атты гранттық жобасын іске асыруда.

Жоба ұлттық тұрғыдан аса маңызды. Ол «Қазақстандағы инклюзивті білім беру тұжырымдамасын», «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» ҚР Заңын, «Мүгедектігі бар адамдарға арналған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жол картасын» іске асыруға бағытталған.

Ғылыми зерттеулер педагогика ғылымының докторы, Педагогикалық білім институтының академигі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының профессоры Ақмарал Мағауованың жетекшілігімен жүргізілді. Ғалымдар зерттеліп отырған мәселенің бастапқы базасын, оның ішінде қазақстандық және шетелдік зерттеушілердің ғылыми еңбектерін қарастырған «ЖОО білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттердің кәсіби өзін-өзі анықтауын қалыптастырудың кешенді бағдарламасын» әзірледі. Ол ҚазҰУ жанындағы Мүмкіндігі шектеулі студенттерді қолдау орталығында сынақтан өтуде. Жоба аясында әлеуметтік сауалнама жүргізілді, ол университеттік білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді қолдау мәселелерін шешудің нақты жағдайы мен тәжірибесін анықтауға мүмкіндік берді.

Педагогика ғылымының кандидаты, профессор Г.Қасен «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің кәсіби және тұлғалық өзін-өзі анықтауының әртүрлі бағыттарын анықтау және талдау» тақырыбында эксперименттік зерттеу жүргізді. Эксперимент нәтижелері KOКСOН журналында, «ҚазҰУ хабаршысы» және Scopus деректер базасына енгізілген журналдарда жарияланды.

Зерттеу тобының қатысушылары – қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «ЖОО білім беру жүйесінде ерекше қажеттіліктері бар тұлғалардың кәсіби өзін-өзі анықтауын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету» оқу-әдістемелік құралының авторлары. Ол университеттің инклюзивті ортасына ерекше білім беруді қажет ететін студенттерді психологиялық-педагогикалық қолдаудың инновациялық кәсіби бағдарланған технологияларын енгізудің ғылыми негіздемесін көрсетеді.

Қазіргі уақытта «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің кәсіби өзін-өзі анықтауы: теория, әдістеме, тәжірибе» атты ұжымдық ғылыми монография баспаға дайындалуда. Бұл инклюзивті жоғары білім берудің теориясы мен тәжірибесінің әдістемелік негіздерін жасауға нақты үлес болып табылады. Монографияда шетелдік тәжірибені зерделеу, заңнамалық және нормативтік құжаттарды талдау, тенденцияларды анықтау, ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің кәсіби өзін-өзі анықтауын қалыптастыру үдерісіндегі факторлардың нәтижелері қамтылған.

Жоба аясында Қазақстан, Өзбекстан, Ресей жоғары оқу орындарының оқытушылары үшін «ЖОО-ның инклюзивті білім беру ортасы жағдайында студенттерді психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу» атты біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. Ерекше денсаулық мүмкіндіктері бар студенттерге арналған әлеуметтік-психологиялық тренингтер өткізіледі.

Зерттеу тобы Цукуба жаһандық білім беру институтымен (Жапония), Герцен атындағы мемлекеттік педагогикалық университетімен, РФ Президенті жанындағы РАНХ басқару және мемлекеттік қызметтің Солтүстік-батыс институты (Санкт-Петербург), Вильнюс университетінің Шяуляй академиясы (Литва), Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университеті (Ресей) сияқты шетелдік жоғары оқу орындарының ғылыми зертханаларымен және орталықтарымен байланыс орнатты.