“Ана тілі аруы, Жігіт сұлтаны” байқауының жартылай финалы өтті
Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан “Ана тілі аруы, Жігіт сұлтаны” байқауының жартылай финалы өтті. Шараға Әлеуметтік даму жұмысы жөніндегі проректор С.Қ. Суатай және Жастар ісі департаментінің директоры Ж.Д. Есімова қатысты.
Байқауды жыл сайын “Студенттер Сенатының ұйымы” ұйымдастырып келеді. Басында бұл байқауға университеттен 300-ге жуық арулар мен сұлтандар қатысып, олардың арасынан оқ бойы озып шыққан 10 аруымыз бен 10 сұлтанымыз жартылай кезеңге жолдама алды. Байқаудың мақсаты – жастар бойында ұлттық тәрбие құндылықтарын дамыту, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту, жастардың жеке тұлға ретінде үйлесімді дамуына, бүгінгі қыздар мен жігіттердің шығармашылық және жоғары зияткерлік әлеуетін дамыту, сұлулықты насихаттау.
Сайысқа қатысушы жұптарға бастаңғы, беташар, құда түсу, сырға салу, қыз ұзату, құдалық, қырқынан шығару, тұсаукесер, бесік той, тілашар атты дәстүрлердің мән-мағынасын, құндылығын дәріптеу мақсатында тапсырма берілді. Қатысушылар көнерген дәстүрді қайта жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымыздың бөлшегіне айналған салт-дәстүрімізді жоғары деңгейде көрсете білді.
Бүгінгі байқау ерекше өтті, себебі әр қатысушы үлкен дайындықпен келген. Қатысушылардың достары, жанкүйерлері ерекше қолдау білдірді. Ұлттық құндылықтарымызды қастерлейік!
ҚазҰУ Жастары әрқашан да жаңашыл!