Тұрақты даму мақсаттарына кіретін БҰҰ-ның «Планета - құрлықтың экожүйелерін және су ресурстарын ұтымды пайдалану, климаттың өзгеруі» бағыты аясында ҚазҰУ «Шығыстану» білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатқан 2 курс студенттері Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті А.К.Ахметбекова мен аға оқытушысы Ж.Р.Сейтметованың ұйымдастыруымен 2023 жылдың 17 қараша күні «Су – ырыс көзі» атты іс-шара өткізді.
Бұл іс-шара барысында көрсетілген «Су –ырыс көзі» презетациясында судың ластану салдары айқындалып, оны шешу жолдары Батыс және Оңтүстік Корей елдерінің тәжірибелері негізінде ұсынылды. Студенттер су тапшылығына қатысты видео интервью жүргізіп, өз пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар рөлдік ойын тәсілімен әр түрлі мемлекет өкілдерімен халықаралық пресс-конференция өткізді. Студенттер қазақ, орыс, ағылшын және шығыс тілдерін жақсы меңгеру үстінде екенін көрсетті. Іс-шара соңында су мәселесіне қатысты викторина ұйымдастырып, көптеген қызық та пайдалы мағлұматтармен таныстырды.
«Су – ырыс көзі» атты іс-шараға қатысқан Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі Д.М.Көкеева және оның орынбасары Ф.Т.Жұмажанова студенттердің креативті ойлау қабілеттерін атап өтіп, БҰҰ өкілдері тарапынан да, Қазақстан Республикасының үкіметі тарапынан да қатты бақыланатын тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру – жастардың үлесіне тиетініне басты назар аударды.