VІІІ «Әл-Фараби шәкірттері» қалалық пікірсайыс турнирі мәресіне жетті

1 желтоқсан, 2023

VІІІ «Әл-Фараби шәкірттері» қалалық пікірсайыс турнирі мәресіне жетті
 
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жастар ұйымдары комитеті жанындағы «Алтын сапа» зияткерлік пікірталас клубының ұйымдастыруымен VІІІ «Әл-Фараби шәкірттері» дәстүрлі қалалық пікірсайыс турнирі өтті.

«Жастардың білімге көзқарасы» тақырыбында өткен турнирге 54 фракция бойынша топтастырылған 128 пікірсайысшы қатысты. Оған еліміздің жетекші жоғары оқу орындары, атап айтсақ: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ ХҚӘТУ, Сүлейман Демирел атындағы университет және басқалары қатысты.

Екі күнге созылған пікірталас төрт іріктеу кезеңінен тұрды. Іріктеу пікірсайысында студенттер жастардың әлеуметтік желілерді қаншалықты тиімді пайдаланатыны; қазіргі жастардың идеалды қасиеттері; студент жастар инновациялық процестерге қатыса ма; роботтар жасауға және ғарышты игеруге дайын ба; жастарды заманауи технологияларға тәуелділіктен қалай қорғауға болады және басқа да өзекті мәселелерді талқылады. Әр топ (фракция) әртүрлі білім салаларының дәлелдерін қолдана отырып, өз ұстанымдарын қорғады. 

Қазылар алқасының құрамына ең белсенді және талантты студенттер енді. Олар қатысушылардың сөйлеген сөздерін шешендік, логикалық, дәлелді және эмоционалдылық критерийлері бойынша бағалады. Жүлде қоры 480 мың теңгені құрады. «Американдық парламент» форматы: 1-орын – 100 мың; 2-орын – 70 мың; 3-орын – 50 мың теңге. «Линкольн-Дуглас»: 1-орын – 50 мың; 2-орын – 30 мың. Әртүрлі номинациялар бойынша: «Үздік төреші» – 50 мың теңге, «Зияткерлік ойын жеңімпазы» – 30 мың теңге және т.б.

Қатысушылар байқау барысында өздеріне деген сенімділікті арттырып, тапқырлық, суырыпсалма ақындық, шешендік өнер сынды қабілеттерін шыңдады. Сайыс нәтижесінде жүлделі I орынды «Қазақи пропаганда» фракциясы бойынша Сәбит Ерзат пен Байтуреев Болат 100 мың теңгені ұтып алса, «Ақыл мен жүрек» атты фракцияда Сейітов Олжас пен Қалдыбай Алтынай II орынды иеленіп (СДУ),  70 мың теңгенің жүлдесін ұтып алды. Ал «Железные леди» фракциясында Төлебаева Гауһар, Ермағамбетова Регина (Нархоз және СДУ) 50 мың теңгені иеленіп, III орынға тұрақтады. «Титан» фракциясында өнер көрсеткен Алматы технологиялық университетінің студенттері Қаржаубайұлы Есенбек пен Серікболқызы Ділназ «Үздік талпыныс» номинациясын жеңіп, ең үздік спикерді Ерасыл Шаймұрадов пен Абдрахман Серікұлы иеленді.