Дәулет Фатимабибі қытай тілі оқытушыларының байқауында жеңіске жетті
Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының профессоры Дәулет Фатимабибі 2023 жылғы 30 қарашасында Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ ұйымдастырған қытай тілі оқытушыларының қалалық V байқауында 1 орынды жеңіп алды. Дәулет Фатимабибі 1989 жылы М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық училищесін бітіріп, сол жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің қытай бөліміне "қытай филологиясы" мамандығы бойынша оқуға түсті. 1994 жылдан бастап біздің университеттің қытайтану кафедрасында қытай тілінен сабақ беріп келеді. Профессор біздің республикамыздағы қытай тілінің алғашқы оқулықтарының авторы болып табылады. Бұл оқулықтар еліміздегі қытайтанушы мамандарды дайындауда белсенді түрде қолданылып келеді. Профессордың шәкірттері біздің еліміздің түрлі салаларында жұмыс істейді, олардың көпшілігі қазіргі таңда ғылым докторы ғылыми дәрежесіне ие болды. Ғылыми-педагогикалық қызметінің 30 жылы ішінде Фатимабибі Ноғайқызы 15 монография және жоғары рейтингті отандық және шетел ғылыми баспаларында 200-ге тарта ғылыми мақалалар жариялады. Профессор сонымен бірге, "Қазақстанның үздік оқытушысы" республикалық байқауының жеңімпазы атанды, сондай-ақ "Болашақ" халықаралық білім беру стипендиясының иегері болып табылады. Аталмыш бағдарлама бойынша Ресейдегі М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің постдокторантурасын аяқтады. Профессордың оқулықтары, оқу құралдары мен монографиялары жиырма жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның көптеген жетекші жоғары оқу орындарында, сондай-ақ басқа елдерде де оқу процесіне енгізілді. Фатимабибі Дәулет өзінің ғылыми-педагогикалық тәжірибесімен шығыстану саласында еңбек етіп жүрген әріптестерімен жиі бөлісіп отырады. Еліміздің оқытушылары, магистранттары мен докторанттары үшін үнемі шеберлік сыныптар, ғылыми семинар-практикумдар өткізеді. Бұндай іс-шаралардың барысында өзі оқу процесінде қолданып жүрген инновациялық әдістерді көрсетеді. Мысалы, 2023-2024 оқу жылының 13 қарашасы мен 7 желтоқсаны аралығында профессор өзінің шәкірттері - 1курс магистранттарымен және докторанттарымен бірге "Аударманы оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістемесі", "Заманауи аударма тұжырымдамалары" және "Сөйлеу этикеті және шығыс тіліндегі келіссөздер практикасы" пәндері шеңберінде синхронды аударма бойынша қалалық ғылыми семинарлар циклын ұйымдастырып, өткізді. Бұл іс - шараға сарапшы ретінде қаланың жетекші аудармашылары, сондай-ақ шетелдік қонақтар шақырылып, мамандар өз тәжірибелерімен алмасты. Өткізілген бұл семинар-практикумдардың мазмұны университет сайтында кеңінен жарияланып отырды.