ТДМ 16 Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар
2024 жылғы 29 ақпанда кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы ҚазҰУ-дың 90 жылдығына орай "Қазақстан Республикасының экологиялық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы заңнамасын жетілдіру" тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Конференция шеңберінде экологиялық құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің және табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың өзекті теориялық мәселелері, орнықты дамуға көшу жағдайында Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметінде құқық қолдану мәселелері талқыланды.
Конференцияға Қазақстан мен шет елдердің жетекші ғалымдары, ҚР мемлекеттік органдарының өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар, азаматтық қоғам, құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, ЖОО оқытушылары мен студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияны кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Г. А. Қуаналиева ашып, қатысушыларды оны өткізу барысында белсенді қатысуға шақырды.
Конференция қатысушыларына әл - Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі-академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Л. К. Еркінбаева құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасындағы жайылымдық экожүйелерді қорғау мен ұтымды пайдаланудың өзекті мәселелеріне тоқталды.