Тұрақты даму мақсаттары аясындағы журналистика мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Тұрақты даму мақсаттары аясындағы журналистика және баспа ісі: дәстүр мен жаңашылдық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы мен Қазақстан жастар одағы сыйлығының иегері, «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепбергеннің 50 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Жиынның ашылу салтанатында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев мерейтой иегеріне арналған Мемлекет басшысының Алғыс хатын тапсырды.
Ғылыми жиынға ғалымдар, қаламгерлер, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысып, дәстүрлі журналистика мен қазіргі баспа ісі мәселелерін жан-жақты талқылады.
Конференцияда ҚР мәдениет қайраткері, философия ғылымының кандидаты Болатбек Төлепбергеннің «Алаң жұрт», «Ұлттық идея – ұлттық медиа тұғыры» атты кітаптары мен жинақтың тұсауы кесілді. Жинаққа осы уақытқа дейінгі шығармашылығы және саясаткерлер мен жазушылардың Болатбек Төлепберген туралы жазған мақалалары топтастырылған.
«Азаттық аңсаған» деректі хикаятымда репрессия уақытындағы бір әулеттің тағдыры суреттеледі. Қазақстандағы ұлттық идеяның рухани адамгершілік негіздері деген тұрғыда жазылған дүние. Ұлттық идея 90-жылдардан бастап маңызды тақырыптардың бірі болды. Әлі күнге дейін Қазақстанда ұлттық идея бар ма, қандай мәселелерден тамыр тарту керек деген нәрсе өзектілігін жойған жоқ», – дейді Болатбек Төлепберген.
Сондай-ақ жиын барысында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева публицист-қаламгер Болатбек Төлепбергенді қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі үшін университеттің «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі