Қазақ тіліне ықыласы ауған жапон қызы
Бұл жапон қызының аты-жөні Нана Одзаки. Токионың тумасы, Кобе шет тілдер университетінің 2 курс студенті. Мамандығы – орыс тілі. 2024 жылдың 27 ақпан-19 наурыз аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасына қарасты жапонтану бөлімі ұйымдастырған Қысқы мектеп аясында кафедраның аға оқытушысы, жапон тілі маманы М.Шадаевадан қазақ тілін оқып-үйренді.
«Былтыр тамыз айында осында Жазғы мектепке келгенмін. Ол кезде өзімнің мамандығым бойынша үш апта орыс тілімді жетілдірдім. Ал бұл жолы менімен бірге Киото университетінен екі студент, Нагоя университеті, Кейо университеті, Чюо университетінен бір-бір студенттен келді. Қалған бес студенттің бесеуі де орыс тілін оқыса, менің қазақ тілін оқығым келді», - дейді Нана.
Оқушы кезінде Твиттерде танысқан Камила атты қазақ қызы Нананың Қазақстан деген елге қызығушылығын, қазақ тілін үйренуге деген ықыласын оятқан көрінеді. Былтыр Қазақстанға университеттің Жазғы мектеп бағдарламасымен алғаш келгенінде сол қызығушылығы мен ықыласы одан сайын артса керек.
«Маған қазақтың тамағы, қазақтың ою-өрнегі, Алматының келбеті қатты ұнайды. Шарынды, Таңбалы тасты көрдім. Орталық мұражайға екі рет барып, қазақ халқының тарихы мен мәдениеті жайлы аз-кем біле алдым. Қазақша әндерден Альфа тобы мен Еңлік деген әнші қыздың әндерін ұнатып тыңдаймын. Бұл жақтың адамдары кең пейілді екен. Менің мұнда тағы да келгім келеді. Келесі келгенімде қазақша жақсы сөйлей алсам деймін», - деген Нана еліне қайтқаннан кейін де қазақ тілін үйренуді өз бетінше жалғастыратынын айтты. Қысқы мектептегі оқуында пайдаланған, жапондарға арнап кафедра оқытушылары Такаши Ниномия мен Мадина Шадаева құрастырған қазақ тілінің бастапқы деңгейіне арналған оқу құралымен қоса, өзі осы жақтан сатып алған қазақ тілінің екі оқулығын сол қажетіне жаратпақ.
Нананың талабына нұр жаусын деп тілейміз.