Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы және қазіргі қазақ қоғамындағы діни ахуал
ТДМ 4. Сапалы білім аясында 8.04.2024 күні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, тарих факультетінде «Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы және қазіргі қазақ қоғамындағы діни ахуал» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Шараны ұйымдастырушылар: дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, т.ғ.к. Қартабаева Ерке Тамабекқызы және «7М01601-Тарих»; «7М01602-Тарих және география» БББ 1,2 курс магистранттары.
Дөңгелек үстел профессордың осы білім беру бағдарламаларында оқитын «Діндер тарихын оқыту методикасы» және «Орталық Азиядағы сакралды география» пәндері негізінде, студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» Халықаралық ғылыми конференциясы аясында ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелдің мақсаты қазіргі қазақ қоғамындағы діни жағдайды дұрыс түсіну, дәстүрлі дінімізді, Қожа Ахмет Ясауи негізін салып беріп кеткен дәстүрлі рухани құндылықтарымызды қайта жандандыру, ХХІ ғасыр туғызып жатқан қауіп-қатерлерге жауап беруге қабілетті, ғасырлар сүзгісінен өткен дәстүрлі құндылықтар жүйесін жастарымыздың санасына сіңіруге үлес қосу болып табылады.
Дөңгелек үстел барысында Қожа Ахмет Ясауи негізін қалаған түркілік сопылықтың ерекшеліктері, Ясауи жолы және қоғамдағы әйелдің орны, білімге деген көзқарас, Ясауи жолы және діни толеранттылық, Ясауи жолы аясында ислами құндылықтар мен түркілік озық дәстүрлердің өзара ұштасуы және т.б. мәселелер бойынша магистранттар қызу дискуссия жүргізді. Дөңгелек үстел өзінің мақсатына жетті, тақырып толық ашылды. Шараға факультет деканы т.ғ.д. Байгунаков Д.С. және басқа да факультет басшылары қатысты.